Тоқаев: Антиваксерлердің даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ

10 Шілде 2021, 12:59
3779
Бөлісу:
Тоқаев: Антиваксерлердің даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сәтте өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде айтты. 

 Пандемиямен басты күрес – вакцинация екендігін алға тартқан Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына жалған құжат жасау нарығын қатаң қадағалауды тапсырды. 

Президент аталған проблеманы қоғам денсаулығына төнген қауіп деп отыр. 

Бүгінде екпе салдыруға қатысты жалған құжаттар пайда болғаны туралы ақпараттар көптеп тарап жатыр. Құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуы тиіс. Вакцина – індетпен күрестегі басты қару десек, екпе алу қарқыны әлі де мардымсыз. Нақты қадамдар жасалуы тиіс. Түптеп келгенде, антиваксерлердің даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Біз екпе салуды жалғастырамыз. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар, - деді Мемлекет басшысы. 
Екпе алу – әр азаматтың парызы деп атап өткен Президент міндетті екпе салу кезінде асыра сілтеудің болмауы қажеттігін де ескертті. Белгілі себептермен екпе салдырмайтын азаматтар да бар. 

Вакцина туралы жалған сертификаттар жасау нарығының пайда болғанына назар аударған Қасым-Жомарт Кемелұлы мұны қоғам денсаулығына төнген қауіп деп бағалап отыр. 

Сонымен қатар мұндай әрекеттердің әкімшілік кодекске сәйкес заң бұзушылық екендігін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, медициналық орталықтың директоры жалған ПТР анықтамаларын сатқаны үшін ұсталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы