Тоқаев АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады

14 Маусым 2021, 14:55
2399
Бөлісу:
Тоқаев АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілі Залмай Халилзадты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Қазақстанға жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілі Залмай Халилзадты қабылдады.

Кездесу барысында Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша Қазақстан мен Америка арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытудың перспективалары, соның ішінде, АҚШ пен НАТО әскерлерінің осы елден шығарылу барысы қарастырылды. Сонымен қатар Ауғанстан мемлекетінің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуын қайта қалпына келтіру жөніндегі екіжақты және көпжақты іс-қимылдарды үйлестіру мәселесі де сөз болды.

Қазақстан Президенті америкалық дипломатқа ілтипат білдіріп, оның бұл сапарының елдеріміз арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты сақтау тұрғысынан маңызы зор екеніне тоқталды.

Тоқаев АҚШ-тың Ауғанстандағы татуластыру жөніндегі арнаулы өкілін қабылдады

Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыт аралығында біз достыққа және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген қатынастарды орната алдық. АҚШ – Қазақстаның сенімді серіктесі. Біздің әртүрлі бағыттар бойынша, соның ішінде, сауда және экономика салаларындағы белсенді ықпалдастығымыз жолға қойылған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуалды реттеу жөніндегі ынтымақтастықты Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызды бөлігі ретінде атап өтті.  

Президент Ауғанстанның, Ресейдің, Қытайдың, Орталық Азия мемлекеттерінің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен жүргізген келіссөздерінде ауған проблемасы үнемі назарда болатынын жеткізді.

Өз кезегінде Залмай Халилзад Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді. АҚШ-тың арнаулы өкілі Қазақстан Президентінің Ауғанстандағы тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға қосқан үлесін жоғары бағалап, еліміздің Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөліне тоқталды.  

Әңгімелесу барысында Залмай Халилзад Ауғанстандағы қазіргі ахуалға баға беріп, ауғанаралық бейбіт процесті одан әрі дамытуға, ауған бағытындағы барлық мүдделі тараптың күш-жігерін үйлестіруге қатысты АҚШ дипломатиясының ой-пікірін ортаға салды.


Өзгелердің жаңалығы