Тоғжанов: Үйлерін су басқан әр отбасыға барлық қажетті көмек көрсетіледі

14 Наурыз 2023, 21:21
1440
Бөлісу:
Тоғжанов: Үйлерін су басқан әр отбасыға барлық қажетті көмек көрсетіледі
Фото: diapazon.kz

13 наурызда Қобда ауданында қардың қарқынды еруіне және далалық еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 15 тұрғын үй, 32 аула аумағы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимараты, екі мектеп және елдмекеннің төменгі бетінде орналасқан екі коммерциялық нысан су астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тұрғындар эвакуациялық пункттерге көшірілді. 

Елдімекенде су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру жалғасуда: арнайы техника жұмыс істеуде, инертті материалдарды төгу, қапшықтарды төсеу және су сорғылау жұмыстары күшейтілді.

 Жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тексерді. 

Естеріңізге сала кетейік, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдімекеннің су басуын болдырмау мақсатында «Самара-Шымкент» халықаралық маңызы бар тас жолдың 613-шақырымын бұзу туралы шешім қабылданды. 

Облыс әкімінің тапсырмасымен металл су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жұмыстары басталды. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзімде аяқтауды және автокөлік қозғалысын қалпына келтіруді тапсырды. 

Кеше біз автожол бойынша қозғалысты тоқтатуға мәжбүр болдық, бүгін кешке оны толығымен қалпына келтіреміз, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Қабылданған шаралармен танысқан соң аймақ басшысы су тасқыны қаупі жойылғаннан кейін тек көрсетілген аумақта ғана емес, сонымен қатар автожол арқылы судың асып кету және елдімекендерді су басу қаупі бар барлық учаскелерде максималды өткізу қабілеті бар тұрақты су өткізу құбырларын орнату жобасын әзірлеуді тапсырды. 

Қобда ауданының әкімдігіне «Самара-Шымкент» тас жолы арқылы Қобда ауылына қарай су тасқынына жол бермеу және ауылдың өзін су басуды болдырмау мақсатында Қобда-Ойыл автожолы учаскесінің екі жағында бөгет салу мәселесі тапсырылды. 

Ералы Тоғжанов тұрғындармен кездесуде әрбір зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті. 

Ең бастысы - тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ауданда комиссия құрылып, барлық үйлер тексерілетін болады. Біз барлығын қолдаймыз, қаражат бөлеміз, бәрін мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. 

Қобдалықтар мұндай көлемдегі су тасқыны соңғы рет 1993 жылы болғанын сөзге тиек етті.

Судың иесі жоқ, кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ. Қар көп болды, біз оны өзіміз де көрдік, жаңбыр да мол болды. Топырақ әлі жібіген жоқ. Шыдау керек. Көмекке тез жеткендеріне ризамыз, - деді ауыл тұрғындарының бірі әкімге.

 Қобда ауданындағы жағдай – қатаң бақылауда.

Өзгелердің жаңалығы