Тоғжанов: Қарулы Күштер - бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі

7 Мамыр 2023, 17:33
1112
Бөлісу:
Тоғжанов: Қарулы Күштер - бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі

Ақтөбедегі Өнер орталығы ғимаратында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ардагерлер мен әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады. Он жылдан астам уақыт бойы Отан қорғаушылар күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Бұл – Отанымыздың аумақтық тұтастығын қорғаған және қорғайтын барлық әскери қызметшілер мен ардагерлерге үлкен құрмет. Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың жерімізге ешкімнің де қол сұғуына жол бермей және оны жас ұрпаққа өсиет етіп қалдырғанын, біздің басты міндетіміз – осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау екенін атап өтті.

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз ұрпақтарымызға біртұтас және мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Тек елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қорғай отырып, біз дамыған мемлекет құра аламыз. Қарулы күштер осы іргелі құндылықтарды сенімді түрде қорғауға арналған» деген болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштері – қоғамды біріктіретін, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі. Президент пен Үкімет, жергілікті атқарушы органдар қазақстандық әскердің күшеюіне, әскери кәсіптің сұранысқа, беделге ие болуына үлкен көңіл бөлуде. Аумақтық қорғаныс күштері, Ұлттық ұлан, құқық қорғау органдарының әлеуеті нығаюда. Жыл сайын мыңдаған ақтөбелік Қарулы Күштер қатарына қосылып, өжеттілік пен ар-намыс мектебінен өтуге баға жетпес мүмкіндік алуда. Еліміздің тыныштығын күзететін әрбір жас әскери қызметші өз қызметімен мақтануы тиіс, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі әскери қызметшілерге алғысын білдіріп, деніне саулық, отбасыларына амандық, қызметіне абырой тіледі. Бірқатар әскери қызметшілерге Құрмет грамоталары, алғыс хаттар, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды. Үлгілі қызметі үшін Қорғаныс департаментінің бастығы Әділет Отарбаевқа мерзімінен бұрын «полковник» шені берілді. Сондай-ақ, Отан қорғаушылар күнін мерекелеу аясында бүгін ақтөбеліктер Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күресушілерге арналған «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды. Іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдің қоғам және ғылыми зиялы қауым өкілдері, облыс жастары қатысты. Өңір басшысы тарихи оқиғаларды жадымызда сақтау, ең алдымен, жас ұрпақ үшін маңызды екенін алға тартты.

Халқымыздың ұлы тұлғаларын, олардың ерліктерін, даналығын біз ең алдымен болашағымыз үшін, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу үшін дәріптеуіміз керек. Өскелең ұрпақ, халқымыз Тәуелсіздік жолындағы күрескерлерді бір сәт естен шығармай, егемендігімізді бағалап, қорғап, Тәуелсіздікті нығайту, оны қандай бағамен алғанын ұмытпауы тиіс, - деді Ералы Тоғжанов.

Естеріңізге сала кетейік, мемориалдық кешенде «Алаш» партиясының белгілі қайраткерлері: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Мұхамеджан Тынышбаевтың барельефтік бейнелері бар. Рельефтік композиция Тәуелсіздік пен Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында орналасқан.

Өзгелердің жаңалығы