Тоғжанов Президент атынан медицина қызметкерлерін құттықтады

17 Маусым 2022, 20:17
2041
Бөлісу:
Тоғжанов Президент атынан медицина қызметкерлерін құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов "ДЕНІ САУ ҰЛТ" ұлттық медициналық саммитінің салтанатты іс-шарасына қатысып, медицина саласының қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. 

Іс-шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, медициналық қоғамдастық өкілдері және еліміздің ғалымдары қатысты.

Вице-Премьер Мемлекет басшысының медицина қызметкерлері күніне орай  ресми құттықтауын оқып берді.

Вице-Премьер өз сөзінде Мемлекет басшысының қолдауының арқасында еліміздегі медицина деңгейі жыл сайын дамып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, коронавирустық инфекциямен күресте алдыңғы шепте жүрген әрбір медицина қызметкерінің қажырлы еңбегінің арқасында елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қол жеткізілгенін атап өтті.

Мемлекет медицина қызметкерлерін қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдауда. Жалақы өсті, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін еңбек жағдайлары жасалуда. Біз денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктерімізді мақтан тұтамыз, бірақ бұнымен шектелмейміз. Медицина қызметкерлері жұмысының нәтижелері тікелей әлеуметтік әсерге ие екенін атап өткім келеді, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, жалпы қоғамның тұрақтылығы да тәуелді", - деді Ералы Тоғжанов. 

Сондай-ақ, ол пандемия елді вакциналармен, дәрі-дәрмектермен және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттілігін көрсетті.

Сонымен қатар біз алдымызға 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 17 - ден 50% - ға дейін арттыру жөнінде нақты міндет қойдық. Ол үшін Үкімет деңгейінде арнайы кешенді жоспар қабылданды. COVID – 19 пандемиясы кезеңінде денсаулық сақтау жүйесінің олқылықтарын ескере отырып, біз эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыруға бағытталған жұмысты күшейттік. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында "Биологиялық қауіпсіздік туралы" ҚР Заңы қабылданды, - деп атап өтті Е.Тоғжанов. 

 Іс-шара барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Гинаят дәрігерлерді мерекемен құттықтады. Ол еліміздің медицина қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысы мен ел Үкіметіне медицина саласын қолдағаны үшін алғыс айтты.

Ералы Тоғжанов өз сөзін қорытындылай келе, медицина қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі мен күнделікті қажырлы еңбегі үшін тағы алғыс білдірді.

Өзгелердің жаңалығы