Тоғжанов батыс облыстардың коронавируспен күреске дайындығымен танысты

29 Қазан 2020, 21:38
1163
Бөлісу:
Тоғжанов батыс облыстардың коронавируспен күреске дайындығымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына барды. 

Вице-премьер эпидемиологиялық ахуал және коронавирустың ықтимал толқынына дайындық бойынша кеңестер өткізіп, облыс басшылығының атқарылған жұмыс туралы есебін тыңдады. Ақтөбе облысында Премьер-Министрдің орынбасары Ақтөбе медициналық орталығының негізіндегі провизорлық стационардың жұмысымен танысты. 

Содан кейін вице-премьер 2021 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған 190 төсек-орындық перинаталдық орталықтың құрылыс барысымен танысты. Ералы Тоғжанов «ТК Фарм Ақтөбе» ЖШС фармацевтикалық зауытында дәрілік заттарды өндіру процесімен танысты. 

Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 млн таблетка мен капсуланы, 75 тонна сұйық дәрі түрлерін және 12 тонна сығындыны құрайды. Пандемия кезінде кәсіпорын антисептиктер мен медициналық маска шығаруды жолға қойды. Қазақстандағы цифрлық стационарлық және мобильді рентген аппараттарының жалғыз өндірушісі «Актюбрентген» АҚ болып отыр.

Ералы Тоғжановқа пандемия басталғаннан бері еліміздің медициналық мекемелері үшін 48 цифрлық рентген аппаратын шығарған ірі кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. 

Бұдан әрі Батыс Қазақстан облысында вице-премьер Орал қаласындағы жоспарлы емдеуге жатқызу бойынша көпбейінді аурухананың жұмысын тексерді. Медицина қызметкерлерімен кездесуде Е. Тоғжанов облыстық жедел жәрдем станциясына 20 автокөлік кілтін салтанатты түрде табыс етті. 

Сапардың келесі пункті ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланған облыстық 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылыс барысымен танысу болды. Сондай-ақ, делегация дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 7 мыңнан астам атауының дистрибьюторы – «Талап» АҚ дәріханасына барды. Е. Тоғжанов халықты және денсаулық сақтау нысандарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. 

Жұмыс сапарының жалғасы ретінде Ералы Тоғжанов COVID-19 таралуын болдырмауға бағытталған санитарлық шараларды тексеру мақсатында «Сырым» бақылау-өткізу бекетінің жұмысын тексерді. Сапар соңында өңір басшысы вице-премьерге 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндады.

Өзгелердің жаңалығы