Тоғжанов Алматыда шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті

10 Желтоқсан 2020, 09:38
1646
Бөлісу:
Тоғжанов Алматыда шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ералы Тоғжанов Алматыда шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен және этномәдени бірлестіктердің көшбасшыларымен кездесулер өткізді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыға жұмыс сапары аясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровпен бірге «Қазақфильм» АҚ ғимаратында болып, шығармашылық зиялы қауыммен кездесіп, Достық Үйінде этномәдени бірлестіктердің көшбасшыларымен кездесу өткізді.

Вице-премьер киностудияны жаңғыртудың жаңа бағдарламасымен танысты. «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев мемлекет бөлген қаражат аясында келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланғанын хабарлады. Үш жылдық кезеңде барлық нысандар жөнделеді, екі ангар салынады, инженерлік желілер және т. б. жаңғыртылады.

Осы жұмыстардың арқасында біз киностудияны жаңа халықаралық деңгейге шығарып, Азия аймағында көшбасшы орынға шыққымыз келеді. Біз алтын мұраны сақтай отырып, алға сапалы қадам жасағымыз келеді. Қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде, — деді Ақан Сатаев.
Ералы Тоғжанов актерлер Асанәлі Әшімов пен Меруерт Өтекешеваны, сондай-ақ дыбыс операторы Қадыр Қосайды отандық киноиндустрияда ерекше орын алатын және миллиондаған көрермен мойындаған «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдерінің 50 жылдығымен құттықтады. Кинематографистерге «Қазақфильм» киностудиясы және «Қазпошта» АҚ шығарған арнайы пошта маркалары табыс етілді.


Кездесу барысында қазақ ақыны, журналист және редактор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Жазушылар үйінің негізгі ғимаратында жөндеу жұмыстары аяқталды, келесі сатыда — конференция-залы. Модернизациялау аясында нысанның тарихи келбетін сақтау көзделгенін атап өткен жөн.

Сонымен бірге, Премьер-министрдің орынбасары Е. Тоғжанов республика мен қаланың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен бүкілқазақстандық бірлікті нығайту және мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

«Ахыска» түрік этномәдени орталығы» РҚБ төрағасы Зиятдин Касанов, «Мицва» Қазақстанның еврей ұлттық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысы Александр Барон, «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» ҚБ құрметті төрағасы Ахметжан Шардинов, «Наири» ҚР армян мәдени орталықтары қауымдастығы» республикалық ҚБ төрағасы Артуш Карапетян жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылық пен халық бірлігін одан әрі нығайту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

Жекелей алғанда, отандық ғылымды, ұлттық мәдениет және салт-дәстүрлерді дамыту, сонымен бірге, пандемиямен жалпы күрес аясында этномәдени ұйымдардың интеграциясы бойынша күш салуы, мұқтаж қала тұрғындарына қолдау шаралары жөніндегі идеялар айтылды.

Этномәдени бірлестіктердің көшбасшыларымен кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне айтылған ұсыныстарды зерделеп, пысықтауды тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы