ТМД елдері ойындары: Қазақстандық спортшылар тай боксынан 11 медаль алды

9 Қыркүйек 2021, 19:40
884
Бөлісу:
ТМД елдері ойындары: Қазақстандық спортшылар тай боксынан 11 медаль алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ТМД елдері ойындарында тай боксынан жеңімпаздар белгілі болды. Қазақстан құрамасы бұл сында бір алтын, алты күміс пен төрт қола медаль иеленді.

Ұлдар арасында Шәміл Ермағамбетов 54 кило салмақтың финалында беларусь Никита Мирончикті жеңіп, чемпион атанды.

Өкінішке қарай, Руслан Заякин (71 кг) ресейлік Константин Шахтариннен, Александр Цариков те (81 кг) ресейлік Али Алиевтен, Евгений Зимин де (91 кг) ресейлік Дмитрий Васеневтен ұтылып, күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар Владимир Антонов (+91 кг) Беларусь өкілі Федор Калтунға жол беріп, екінші орыннан көрінді.

Ал Рүстем Әменжанов (57 кг) пен Бақытжан Марат (75 кг) үздік үштікті қорытындылап, қола жүлдеге қол жеткізді.

Қыздар арасында Розалина Величко (57 кг) ресейлік Мария Климоваға, Виктория Голошубова (63,5 кг) ресейлік Валерия Албулға финалда есе жіберді. Сондай-ақ Диана Төлеуова (48 кг) мен Диана Пивцова (51 кг) қола медальге ие болды.

Бұдан бөлек, Владислав Голошубов (60 кг) пен Евгений Зайцев (63,5 кг) өз салмағында 7-сатыға жайғасса, Ахмет Асқар (67 кг) 6-орынға тұрақтады.

Айта кетейік, тай боксынан 1998-2004 жылы дүниеге келген спортшылар 16 жүлде жиынтығын (ұлдар арасында 10, қыздар арасында 6 салмақта) сарапқа салды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Ресей мен Беларусьтен кейін үшінші орын алды.

Өзгелердің жаңалығы