ТМД іздеу жариялаған қылмыскерлер Алматы облысында ұсталды

15 Наурыз 2019, 12:48
2663
Бөлісу:
ТМД іздеу жариялаған қылмыскерлер Алматы облысында ұсталды

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері қылмыскерлерді іздестіру жұмысын жандандырды. Олар екі күн ішінде 30-ға жуық қылмыскерді қолға түсірді.

Оның 8-і – Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан және Башқұрт елдері халықаралық іздеу жариялаған кәнігі қылмыскер.

«Облысымызда «Іздестіру» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара барысында полицейлер қылмыстық жауапкершіліктен жалтарған 28 адамды ұстады. Із-түзсіз жоғалған сегіз адамның мекенжайы анықталып, бұған дейін жасалған 19 қылмыс ашылды. Сондай-ақ, осы кезге дейін тұлғасы анықталмаған 3 мәйіттің жеке мәліметтері анықталды»,- деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, көрші мемлекеттерде қылмыстық әрекет жасады деген күдікпен іздеу жарияланған 8 тұлға қолға түсті.

«Қарасай ауданында Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық іздеу жариялаған төрт азамат ұсталды. Талғар және Іле аудандарында Ресейлік әріптестеріміз іздеп жатқан екі тұлға құрықталды. Талғарда Башқұрт елі іздеу жариялаған бір адамның мекенжайы анықталса, Текеліде Әзірбайжан мемлекетінде қылмыс жасап, бой тасалаған 33 жастағы ер адам ұсталып, қамаққа алынды»,- деп атап өтті ведомство өкілдері.

Ведомстводағылар іздеудегі азаматтардың ұсталғаны туралы ақпараттың ҚР Ішкі істер министрлігіне және іздеу жариялаған шетелдік әріптестеріне жолданғаны туралы толықтырды.

Өзгелердің жаңалығы