1912 жылы «Титаник» кемесі апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан жолаушының денесінен табылған қалта сағаты Ұлыбританияда аукционға қойылады. Оның бағасы 60 мың фунт стерлингке (шамамен 78,9 мың доллар) дейін жетуі мүмкін.
DPA басылымының мәліметінше, 32 жастағы Мэри Манган «Титаниктің» үшінші класты жолаушысы болған. Ирландияның батысындағы Мэйо графтығынан шыққан ол АҚШ-та тұрып, 1912 жылдың басында туған жеріне отбасын көруге оралған. Кейін ол «Титаникке» елдің оңтүстігіндегі Куинстаун қаласынан (қазіргі Коб) мінген.
Мэри Манган Ирландиядан шыққан, кейін «Аддергулдың 14 жолаушысы» деген атпен белгілі болған топтың құрамында сапарға шыққан. Оның ішінде Кэтрин Макгоуэн, Джон мен Мэри Бурк және Джон Бурктің бұрынғы әйелі Кэтрин де болған.
Аукционшы Эндрю Олдридждің айтуынша, Манганның апат кезіндегі әрекеттері туралы жалғыз белгілі дерек – аман қалған Энни Келлидің естелігі. Оның айтуынша, Мэри Манган мен Бурктер оған көмектесіп, екінші класқа өтуге мүмкіндік беретін баспалдаққа қарай асыққан. Алайда Манганның жоғарғы палубаларға жете алғаны белгісіз.
Мэри Манганның денесі 1912 жылғы 22 сәуірде CS MacKay-Bennett кемесімен судан көтеріліп, кейін теңізге жерленген. Оның жанынан табылған, MM әріптері ойып жазылған сары металдан жасалған қалта сағаты отбасысына басқа жеке заттарымен бірге қайтарылған. Солтүстік Атлантикада ұзақ уақыт су астында қалғандықтан, сағат қатты коррозияға ұшыраған.
Жақында сағат Манганның жеке заттарымен бірге Белфасттағы «Титаник Белфаст» музейінде бірнеше апта бойы көрмеге қойылған.
Сағат 2026 жылғы 21 қарашада Уилтшир графтығының Девайзес қаласында орналасқан Henry Aldridge & Son аукцион үйінде сатылымға шығарылады.
Аукционшының пікірінше, бұл жәдігердің тарихи маңызы зор. Сағаттың механизмі 1912 жылғы 15 сәуірде таңертең Солтүстік Атлантикаға батып кеткен сәттен кейінгі уақытты бейнелейтіндей күйде қалған. Сонымен қатар ол «Титаниктің» үшінші класында болған жолаушыға тиесілі болғандықтан, апат тарихында жиі назардан тыс қалатын адамдардың тағдырын еске салады.
Еске салсақ, бұған дейін «Титаник» суға батқан соң табылған алтын сағат та рекордтық бағаға сатылған.
Тағы оқи отырыңыз: Аңызға айналған "Титаниктің" құтқару кеудешесі рекордтық бағаға сатылды