Тираннозаврдың қаңқасы аукционда рекордтық 50 миллион долларға сатылды

Қазба қалдықтарының жасы шамамен 67 миллион жыл.

 Sotheby's / Facebook 16 Шілде 2026, 02:37
16 Шілде 2026, 02:37
154
Фото: Sotheby's / Facebook

«Гас» (Gus) лақап атымен белгілі тираннозаврдың тасқа айналған қаңқасы Нью-Йорктегі Sotheby's аукционында комиссияны қоса есептегенде 50,1 миллион АҚШ долларына сатылды. Бұл туралы The Guardian хабарлады.

Сатып алушы телефон арқылы саудаға қатысып, ең жоғары бағаны ұсынды. Осылайша бұл динозавр қазба қалдықтарының аукциондағы ең қымбат сатылымы ретінде тарихқа енді. Сату бағасы алдын ала белгіленген 20–30 миллион долларлық бағалаудан әлдеқайда асып түсті.

Бұл қаңқа табылған тираннозаврлардың ішіндегі ең ірі әрі ең жақсы сақталған үлгілердің бірі саналады. Ол АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатындағы Хардинг округіндегі ранчодан табылған. Қазба жұмыстарын Theropoda Expeditions компаниясы жүргізген.

Қаңқаға жер телімінің иесі әрі қазба жұмыстары жүргізілген аумақтың қожайыны Гэри «Гас» Ликингтің құрметіне «Гас» деген ат берілген. Зерттеу жұмыстары 2021–2023 жылдары жүргізілді. Аукцион алдында ғалымдар бұл ерекше олжаның жеке меншік иесіне сатылуы зерттеушілердің оған қол жеткізу мүмкіндігін шектеуі мүмкін екенін ескерткен.

Қаңқаның жасы шамамен 67 миллион жыл деп бағаланады. Биіктігі 3,8 метрді құрайды. Ол 183 тасқа айналған сүйектен тұрады және сүйек элементтерінің саны бойынша 61%-ы, ал сүйек массасы бойынша 75–80%-ы сақталған. Ғалымдар қаңқадан басқа тираннозаврлардың тістеген іздерін және жазылып кеткен сүйек сынуларын анықтаған.

«Гастың» сатылуы бұған дейінгі рекордты жаңартты. Бұрын ең қымбат сатылған динозавр Apex атты стегозавр болып саналған. Ол 2024 жылы Sotheby's аукционында 44,6 миллион АҚШ долларына сатылған.

Наверх