Қазақстан Үкіметі 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу үшін өзінің резервінен 34,3 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге, жаңа сайлау учаскелерін ашуға, сайлау бюллетеньдерін басып шығаруға және сайлау үдерісін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге жұмсалады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Михаил Бортниктің айтуынша, сайлау республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Үкіметтің 2026 жылғы 3 шілдедегі шешімімен осы мақсатқа резервтен 34,3 млрд теңге бөлінген.
Оның түсіндіруінше, Үкімет резервінің пайдаланылуының себебі – 2026 жылға арналған республикалық бюджет өткен жылы бекітілген кезде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу жоспарланбаған.
Алдағы сайлаудың бюджеті аумақтық сайлау комиссияларының қажеттіліктеріне және сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Онда сайлау үдерісінің заңдылығын, ашықтығын және тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге қажетті барлық шығындар қамтылған, – деді Бортник.
Қаражаттың негізгі бөлігі еліміз бойынша 10 674 сайлау учаскесінде жұмыс істейтін 70 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталады. Бұл мақсатқа 8,5 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, қаржыландыру аясында 47 жаңа сайлау учаскесін ашу, сайлау бюллетеньдерін, плакаттарды және өзге де полиграфиялық өнімдерді басып шығару, әдістемелік материалдар мен сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтер әзірлеу көзделген.
Сондай-ақ, сметаға сайлау комиссияларын материалдық-техникалық қамтамасыз ету шығындары енгізілген. Оның ішінде байланыс қызметтері, көлік шығындары және басқа да ұйымдастыру шаралары бар.
Шетелдегі дауыс беруді ұйымдастыру үшін де жеке қаржы қарастырылған.
Жалпы бюджет көлемінің 124,5 млн теңгесі Қазақстаннан тыс жерлердегі 30 сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерін жеткізуге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне бөлінді, – деді ОСК мүшесі.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бөлінген 34,3 млрд теңге Құрылтай депутаттарының сайлауын толық көлемде өткізуге жеткілікті. Бұл қаржы сайлау комиссияларының жұмысын қамтамасыз етуге, жаңа учаскелерді ашуға, бюллетеньдерді басып шығаруға, техникалық жабдықтауға және Қазақстанда да, шетелде де дауыс беруді ұйымдастыруға жұмсалады.