Тіл туралы айтыста тілші жеңімпаз болды

16 Қыркүйек 2022, 17:58
3002
Бөлісу:
Тіл туралы айтыста тілші жеңімпаз болды
Фото: автордан

Петропавл қаласында «Тіл – татулық тірегі» атты аймақтық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Петропавл және елорда ақындары қатысқан сөз сайысында «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі, айтыскер ақын Рауан Қайдар бас жүлдеге ие болды, 

Айтысты алғысөзбен ашқан Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев төл өнердің өңірімізде дамуы, қоғамның күрделенген мәселелерін билікке жеткізудегі рөлі туралы айта келе жыр додасына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тіл туралы айтыста тілші жеңімпаз болды

Теріскейде жастарды айтыс өнеріне баулитын Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі бар. Бұл өнер ошағының қабырғасында ондаған жеткіншек айтыстың қыр-сырын меңгеріп жүр. Ақындар мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпарханның айуынша, шәкірттері аз уақыт ішінде республикалық додаларға қатысып, тіпті Жүрсіннің жүйріктерінің қатарына қосылып үлгерген. Солардың ішінен Диас Аяған мен Ермек Жұма тіл тақырыбына арналған сөз сайысының шымылдығын ашып, кестелі сөзбен көрерменнің көңілін аулады.

Астанадан келген Рауан Қайдар мен қызылжарлық Қабдолла Бейісханның айтысы жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады. Достық үйіндегі залда отырған әскери институт курсанттарын өлеңге қосқан елордалық ақын:

Қазақтың курсанттары бақытты ғой, Атысқа емес, айтысқа келіп тұрған, – деп көрші елдердегі әскери қақтығыстарды меңзеп, біздегі бейбітшіліктің маңызына тоқталды. 

Тіл туралы айтыста тілші жеңімпаз болды

Семейде университет бітіріп, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен солтүстік өңірге көшіп келіп, мектепке мұғалім болып орналасқан Қабдолла ақын:

Атақоныс мен сені аңсағанмын, Анамның жатқан кезде құрсағында, – деп Қызылжардың қасиетті топырағын жырға қосты. 

Көкшетаулық Ерлан Дәулет пен теріскейлік Абзал Жұмабек, қызылжардық Жұмабек Рахимов пен қостанайлық Тоба Өтепбаевтың айтыстары да көрермен көңілінен шықты. Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің шәкірті Ақтілек Қайыпхан мен астаналық ару Ақбота Манарбекова қыз бен жігіт айтысын көрсетті.

Тіл туралы айтыста тілші жеңімпаз болды

Қазылар алқасы ақылдаса келе үшінші орынға сөз сайысына қатысқан жалғыз ару Ақбота Манарбекова лайық деп тапты. Көкшелік Ерлан Дәулет екінші, қызылжарлық Қабдолла Бейісхан бірінші орынды иеленді. Бас жүлде елордалық Рауан Қайдардың қанжығасында кетті. Бұдан бөлек Қожаберген жырау және Сафуан Шаймерденов атындағы арнайы жүлделер Диас Аяған мен Тоба Өтепбаевқа бұйырды. 

Тіл туралы айтыста тілші жеңімпаз болды

Аламан барысында Петропавл қаласының іргесіндегі Бәйтерек ауылындағы орта мектептің оқушылары Сұлтан Жарқынұлы мен Бейбарыс Аманжолұлы сахнаға шығып, айтыстағы тұсауларын кестірді. Оларға да арнайы сыйлықтар берілді.

Өзгелердің жаңалығы