TikTok желісінде кітап оқуды насихаттап жүрген жастар

9 Қаңтар 2024, 10:46
637
Бөлісу:
TikTok желісінде кітап оқуды насихаттап жүрген жастар
VIDEO
Фото: Артём Чурсинов - архив

TikTok желісінде пайдалы контент түсіріп, өз оқырмандарын көбейтіп жүрген желі қолданушылары бар. Видео түсіріп, қазақ әдебиетін насихаттап жүрген тик ток қолданушыларына шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

TikTok желісінде 5470 оқырманы бар @rip.kazashka аккаунтымен танымал Әлия есімді ару қазақ әдебиетін дәріптейді. Оқыған кітаптарының қысқаша мазмұнын жазып, қызықты жерлеріне тоқталады. Осылайша оқырмандарын кітап оқуға қызықтырады. Оқырмандарының басым көпшілігі орыс тілді болғандықтан сол тілде жүргізеді. Арасында қазақ тілінде поэзия оқып, қазақ ақындарының өлеңдерін насихаттайды.

Кітапсүйер кішкентай желі қолданушының бірі @ayishaalkamova аккаунтының иесі Айша. Ол өзі оқыған кітаптарды таныстырып отырады. 2024 жылы «Норвег орманы» кітабын оқуды бастаған. Сонымен қатар үнемі сөмкесіне кітап салып жүреді. Оқыған кітаптарынан не түйді сол жайлы қысқаша пікірін жазып, оқырмандарына ұсынады. Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Бауыржан Момышұлының шығармалары кітап оқуға ерекше әсер еткенін де жазады. Кітаптардың желісімен шығарылған фильмдерді айтып, кітап оқуға мотивация беретін желі қолданушыларының бірі.

Қазақ әдебиетін әлеуметтік желіде насихаттап жүрген желі қолданушының бірі @qaіtalanbasym аккаунтының иесі Құралай есімді бойжеткен. Өзі оқыған кітаптарының ішінде ұнатқан афоризмдерді қысқаша жазып, сол кітапты оқуға кеңес береді. Оны парақшасына жазылған түрлі пікірлерден байқауға болады.

Кітап сатып және оқумен айналысатын тағы бір тик ток қолданушысы @booklibra парақшасының иесі Аида есімді арудың 22800 оқырманы бар. Ол классикадан бастап бестселлерге дейін шолу жасап шығады. Кітаптардың әрбір бетін парақтап, неше күнде аяқтауға болатынын айтып кеңес береді. Сондай-ақ, әрбір айда өзі оқыған кітаптардың тізімін жариялайды. Тек қазақ әдебиеті емес, әлем әдебиетіне де баса назар аударады.

 

Өзгелердің жаңалығы