Алматы облысында өзін алып қашып кетті деп TikTok-та жалған видео жариялаған қыз жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 15 қаңтарда шамамен сағат 20:00-де бойжеткеннің «TikTok» әлеуметтік желісінде өзін алып қашып кеткені жөнінде бейнежазба жариялағаны анықталды.
Аталған бейнежазба әлеуметтік желі парақшасында таралып, қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызу белгілері бар бейнематериал ретінде ұсынылған.
Сот отырысында бойжеткен өз кінәсін толық мойындап, бейнежазбаны көп қаралым жинау мақсатында салғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.
Іс материалдарын зерделей келе, сот азаматша К.-ның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ, алайда әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар деген қорытындыға келді.
Сот қаулысымен азаматша Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Азаматша әкімшілік құқық бұзушылықты алғаш рет жасағаны және жасаған әрекетіне өкінетінін ескере отырып, айыппұл сомасы 30 пайызға қысқартылып, түпкілікті төлейтін сома 60 550 теңгені құрады, - Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқық бұзұшылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Қаулы заңда күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін TikTok-тағы анонимді аккаунттардан ақпарат таратқан Семей тұрғыны 7 жылға сотталғаны хабарланды.