"The Finiko". Таразда криптовалютамен айналысқан қаржы пирамидасы тергеліп жатыр

27 Қыркүйек 2023, 13:03
581
Бөлісу:
"The Finiko". Таразда криптовалютамен айналысқан қаржы пирамидасы тергеліп жатыр
Фото: Нұркен Алишев - архив

ҚМА Жамбыл облысы бойынша департаменті Тараз қаласының аумағында «The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басқару фактісін тергеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, өңірде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар «Thefiniko.СОМ» бағдарламасы арқылы салымшыларды (инвесторларды) тартқан. 

Олардың қаражатына (криптовалютасына) әлемдік биржаларда ойдан шығарылған трейдингті жүзеге асырып, кейіннен кірісті қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында бөлгені анықталды. 2021 жылғы шілдеде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «The Finiko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныды. Қазір қылмыстық іс шеңберінде бірқатар тергеу амалдары мен тиісті сараптамалар жүргізілуде. Нәтижесінде қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - деді ҚР ҚМА Ресми өкілі Әлібек Әбділов.

Ол аталған пирамидадан зардап шеккендерді департаментке хабарласуды сұрады.

«The Finiko» қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуын сұраймыз. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі, - деп атап өтті Әбділов.

Өзгелердің жаңалығы