Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди халыққа үндеу жасап, Пәкістан аумағындағы лаңкестік құрылымдарға қарсы жүргізілген "Синдур операциясының" маңыздылығын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үндістан елшілігі таратқан мәлімдемеде Моди бұл қадамды "миллиондаған үнді әйелдерінің намысы үшін берілген әділет уәдесі" деп атап өтті.
Террористер біздің апа-қарындастарымыздың маңдайындағы синдурді сүртуге қол сұқты – сол үшін Үндістан террор ошақтарын жойды, - деді премьер-министр өз үндеуінде.
Моди Пахалгамда 22 сәуірде орын алған лаңкестік шабуылды қатаң айыптап, бұл оқиғаны "елдің бірлігіне жасалған соққы" деп бағалады. Оның айтуынша, Үндістан террористер мен оларды қолдаушы құрылымдарға қарсы күшті жауап берген.
Премьер-министр "Синдур операциясы" кезінде үнді қарулы күштері Пәкістан аумағындағы лаңкестік лагерьлер мен нысандарды дәл соққымен жойғанын айтты. Алғашқы үш күнде 100-ден астам ірі лаңкестің көзі жойылған. Олардың қатарында ондаған жылдар бойы Үндістанға шабуыл ұйымдастырған басшылар да бар.
Пәкістан шекарамызға соққы бермек болды, бірақ біз олардың жүрегіне соққы жасадық, - деді Моди.
Мемлекет басшысы Пәкістанның бұл соққылардан кейін халықаралық қауымдастыққа жүгінгенін, ал Үндістан өз әскери қарсы операцияларын уақытша тоқтатқанын жеткізді. Алайда ол бұл соңғы шешім емес екенін ескертіп, Пәкістанның уәдесін орындауын мұқият бақылайтынын айтты.
Терроризмге қарсы үш негізгі ұстаным
Моди өз үндеуінде Үндістанның терроризмге қарсы жаңа стратегиясының үш тірегін атады:
- Қатаң жауап: кез келген лаңкестік әрекетке дәл әрі қатты соққы беріледі.
- Ядролық қорқытуларға жол берілмейді: мұндай әрекеттерге нақты әскери жауап дайын.
- Лаңкестер мен оларды қолдаушылар – бірдей жауапты: террористік ұйымдар мен оларды демеуші үкіметтер ажыратылмайды.
"Террор мен келіссөз қатар жүрмейді"
Премьер-министр Пәкістанмен болашақта болатын кез келген келіссөз тек екі мәселе – лаңкестік және Пәкістан оккупациялаған Кашмир төңірегінде ғана болуы мүмкін екенін қадап айтты.
Бұл соғыс дәуірі емес, бірақ террор дәуірі де болмауы керек. Терроризмге нөлдік төзімділік – қауіпсіз болашақ кепілі, - деді Моди.
Будда Пурнима мерекесіне орай сөйлеген сөзінде Үндістан Премьер-министрі бейбітшілік пен өркендеудің жолы – қуатты мемлекет болу екенін айтып, үнді халқының бірлігі мен әскерилердің ерлігіне алғыс білдірді.
Бұған дейін Пәкістан Үндістанға қарсы ядролық соққы беру мүмкіндігін ешқашан қарастырмағанын жаздық.