Терминдердің нормативтік сөздігі болуы керек: Заң терминологиясына арналған семинар өтті

2 Мамыр 2024, 17:12
502
Бөлісу:
Терминдердің нормативтік сөздігі болуы керек:  Заң терминологиясына арналған семинар өтті
Фото: автордан

Астанада республикалық «Заң терминологиясы: жіктелім, біріздендіру және аударма» атты республикалық әдістемелік семинар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұйымдастырушысы – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы.

Семинарда заң терминдерін жүйелеу, заңнамалық құжаттарды қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру бойынша қордаланған мәселелер талқыланды.

Заң тілі терминологиясындағы екі мәселені атап айтуға болады. Біріншісі – заң тілінің ауырлығы мен терминдер жарыспалылығы. Терминдерді реттеу кәсіби деңгейде жүргізіліп, барлық мамандарға ортақ бекітілген терминдердің нормативтік сөздігі болуы керек. Сала мамандары мен аудармашылар осы сөздікті пайдаланса, сонда барып заң тілі жүйеге түседі, - деді Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы.

Ана тіліміздің құқықтық құжаттарда қолданудың өзекті мәселелері талқыланған семинарға қатысқан ғалымдар мен тіл мамандары бір ауыздан заң саласы сөздіктерінде қолданылған терминжасамды жүйелеу мәселесін пысықтап, бұған дейін Терминкомда бекітілмеген сәтті терминдерді іріктеп, бекітуді ұсынды. Сонымен қатар заңнамалық құжаттарға жауапты мамандар мен сала мамандарының арасында байланыс орнату және заңнама терминдерінің жасалуына қойылатын негізгі алғышарттар бекітілді.

Өзгелердің жаңалығы