Теріскейлік мектеп оқушысы ауаны тазартатын қондырғы жасап шығарды

8 Қараша 2022, 19:02
1270
Бөлісу:
Теріскейлік мектеп оқушысы ауаны тазартатын қондырғы жасап шығарды
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстікқазақстандық мектеп оқушысы ауаны тазартуға арналған қондырғының жобасын жасап шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңірдегі тілшісі. 

Жас өнертапқыштың айтуынша оған пандемия кезіндегі шектеу шаралары түрткі болған. Дмитрий Калашников авторлық жобасын Петропавл қаласында өткен жас техниктер форумында көпшілік назарына ұсынды.

Теріскейлік мектеп оқушысы ауаны тазартатын қондырғы жасап шығарды

Байқауда Солтүстік Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 34 бала бақ пен бабын сынға салды. Солардың бірі Дмитрий Калашников. Қызылжар ауданы Бугровое ауылдық мектебінің оқушысы қолда бар заттардан ауаны тазартуға арналған құрал жасап шығарған. Жасөспірім ұстазының көмектескенін де жасырмады.

Пандемия кезінде бәріміз төрт қабырғада қамалып қалдық. Әсіресе медициналық маска тағып жүру бәріне оңай болған жоқ. Жабық ғимараттарда түрлі вирустардың тез көбейетіні белгілі. Осыған тосқауыл болатын қондырғы жасап шығаруды мақсат еттім. Ол ауаның үздіксіз айналымын қамтамасыз етеді. Осылайша бөлме ауасы вирустардан тазаланады. Қондырғы шағын ғана. Жасап шығару үшін көп шығынның қажеті жоқ, - дейді жоба авторы. 

Теріскейлік мектеп оқушысы ауаны тазартатын қондырғы жасап шығарды

Жас өнертапқыштар 8 аталым бойынша өз жобаларын қорғады. Олар автокөлік модельдерін әзірлеу саласындағы техникалық конструкция, экология және табиғатты пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасы, авиация саласындағы және аэроғарыш техникасы саласындағы жобаларды қамтыды. 

Байқау 3 деңгей бойынша өткізіледі. Оған 7-11 сынып оқушылары қатысуда. Бүгінгі облыстық деңгейе үздік деп танылғандар республикада өңір намысын қорғайды. Байқаудың басты мақсаты – балалардың бойында ғылым мен техникаға деген қызығушылығын ояту, жас дарындарды анықтап, олардың қабілетін дамытуға жағдай жасау, - дейді облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Саян Ермек. 

Теріскейлік мектеп оқушысы ауаны тазартатын қондырғы жасап шығарды

Форумға ауыл шаруашылығы техникасының жобасын әзірлеп әкелген оқушылар да болды. Мәселен 12 жастағы Айсұлтан Үсен егін оратын комбайнның жобасын жасапты.  

Мен ауылда тұрамын. Көктемде, күз мезгілінде егіс алқабында жүрген комбайндарға қызығамын. Сондықтан өзім де сондай техника жасап шығарғып келді. Аудандық деңгейде қазылар алқасы еңбегімді бағалап, облысқа жолдама алғаныма қуандым, - дейді Айсұлтан. 

Форумға қатысушылар ереже бойынша өз жобаларын қазылар алқасының алдында қорғады. Ұйымдастырушылар дәстүрлі байқау келер жылы жалғасын табатынын атап өтті. 

Өзгелердің жаңалығы