Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңге бағамының әлсіреуіне алып келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифингте Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлеменің 17%-ға дейін төмендеуі ұлттық валюта бағамына қалай әсер ететіні жайлы сұраққа жауап берді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі деңгейдегі базалық мөлшерлеме теңгедегі активтердің тартымдылығын сақтап отыр.
Біз базалық мөлшерлеменің төмендеуінен кейін теңгенің әлсіреуін күтпейміз. 17 пайыздық мөлшерлеме теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға жеткілікті. Бір пайыздық тармаққа төмендеу депозиттер мен корпоративтік облигациялардың тартымдылығын түбегейлі өзгертпейді. Сұраныс бұрынғы деңгейде қалады, сәйкесінше валюта бағамына да айтарлықтай әсер етпейді, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасы мемлекеттік шығыстардың экономикаға әсері бірден байқалмайтынын атап өтті.
Қаражат бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жетіп, тендерлік рәсімдер өткізілгенге дейін валютаға деген сұраныс айтарлықтай өзгермейді, – деді Сүлейменов.
Сонымен қатар ол жазғы демалыс маусымында шетел валютасына сұраныс дәстүрлі түрде артатынын еске салды.
Демалыс кезеңінде азаматтардың валюта сатып алуы көбейеді. Бұл қалыпты маусымдық құбылыс. Алайда ұлттық валютаның әлсіреуіне негіз болатын іргелі факторларды көріп отырған жоқпыз, – деді Ұлттық банк басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлемдік нарықта мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Сондай-ақ елге түсетін валюталық түсім көлемі де жеткілікті деңгейде қалыптасқан.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-ға дейін төмендеткенін хабарлады.
Сондай-ақ, 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы 90 доллар болуы мүмкін екені айтылды.