Тең қоғам - тең мүмкіндіктер

15 Наурыз 2023, 15:47
2087
Бөлісу:
Тең қоғам - тең мүмкіндіктер
Фото: автордан

Алматы қаласы  Алатау ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік беретін «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығының филиалы ашылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жобаны Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен inclusion.kz қоғамдық бірлестігі  жүзеге асырды.

Мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандар құқықтық мәселелер, түрлі ақпараттар, т.б. мәселелер бойынша керегін ала алады.

 Қазір Қазақстанда 670 мыңнан астам, Алматы қаласында 56 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады.  Осындай орталықтар азаматтардың күнделікті өмірде де, қоғамдық өмірде де кездесетін мәселелерін шешуге көмектесу үшін құрылған. 

«Мемлекет басшысы қоғамда барлық азаматқа қолайлы жағдай, жайлы инфрақұрылым жасақтауды тапсырды. Әр адамның өз мүмкіндігін жүзеге асыруға мемлекет, қала әкімдігі қолдау көрсетеді. Алатау ауданында ашылып отырған  «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы мүкіндігі шектеулі жандардың сұрақтарына жауап беріп, көмек көрсетеді деген сенімдеміз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары  Әсем Нүсіпова.

Тең қоғам - тең мүмкіндіктер

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен биыл қаланың әр ауданында «Тең қоғам» мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау орталығы ашылады.

Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып келеді. Ол 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады. Жоспарға мүгедектіктің алдын-алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері кіреді.  

Өзгелердің жаңалығы