Темірбек Жүргеновтің ер-тоқымы мұражайға табысталды

11 Шілде 2023, 14:05
997
Бөлісу:
Темірбек Жүргеновтің ер-тоқымы мұражайға табысталды
PHOTO
Фото: BAQ.KZ

Көрнекті мемлекет қайраткері, ұлтымыздың ардақты перзенттерінің бірі Темірбек Жүргеновтің ер-тоқымы Ақтөбе облысындағы Ырғыз аудандық музейіне табысталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Кезінде «Темір нарком» атанған қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі Ырғыз өңірімен тығыз байланысты. Көп жерде ұлт жанашыры Қызылорда облысында дүниеге келгендігі туралы жазылады. Ал бірқатар тарихшылар Темірбек Жүргеновті Ырғыз жерінде туған деген деректі алға тартады. Қалай десек те, ел бағына туған қайраткер өзінің бар ғұмырын қазақтың білім мен мәдениетіне, мемлекеттің дамуына арнады.

Тарихи деректерге сүйенсек, Темірбек Жүргенов 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметін атқарыпты. Ал 1920 жылы Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Тіпті, Ырғыз жерінде бірқатар мектептердің ашылуына да атсалысқан. Олардың қатарында кезінде Ырғыз ауданына қараған Жабасақ, Сарыбұлақ ауылдарында салынған мектептер де бар. Осының ішінде Жабасақ елді мекенінде салынған ескі мектепке ең алғаш рет Нұралы Қашқынбаев деген кісі басшы болған.

Нұралы Қашқынбаев 1906 жылы Ырғыз ауданында туып, 1974 жылы қайтыс болған. 1941-1944 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан жараланып елге қайтқан.

Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің республикада «Мың мектеп» бағдарламасы аясында жобасы Ленинградта жасалып, бекітілген бастауыш мектептің іргетасы Жабасақта 1934 жылы қаланды. Ел аузында «Қызыл мектеп» деп аталған. Сол жылдары «Қызыл мектептің» алғашқы мектеп директоры Нұралы Қашқынбаев болған. Ол кісі еңбек жолын Жабасақта интернат меңгерушілігінен бастап білім саласында оқушыларды сауаттандыруға үлес қосқан. Орысша, арабша оқыған, өте сауатты болған. Арабшаны жақсы меңгергендіктен, мешітте молда да болып, бала оқытқан. Кейін Ырғыз аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық газетте редактор, Коминтерн селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1960-1964 жылдары Ырғыз селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып лауазымды, басшылық қызметтер атқарған. Білім беру мен ел экономикасын көтерудегі және соғыс жылдарындағы ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, тағы басқа да медальдармен марапатталған. Атамыз Ырғыз ауданының елді мекеніндегі тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, өз үйіне жатқызып сол кездегі «Автошколаға» оқытып, жүргізуші куәлігін алуына, басқа да мәселелерінің шешілуіне талай адамдарға жәрдем көрсетіп, қамқорлығын аямаған, — дейді Ырғыз ауданы Нұра ауылының тұрғыны Темірбек Жұмабай.

Біздің бұл кейіпкеріміз — жоғарыда аты аталған Нұралы Қашқынбаевпен бірге туған Жұмабай Қашқынбаевтың туған немересі. Қазір ол Нұра ауылында тұрады. Осы елді мекендегі Т.Жүргенов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте 33 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде осы білім ошағында шаруашылық меңгерушісі болып қызмет жасайды.

Темірбек Жүргеновтің ер-тоқымы мұражайға табысталды
автордан

Менің атамның есімі — Жұмабай Қашқынбаев, ал Нұралы Қашқынбаев — атамның жалғыз інісі. Нұралы атам мен дүниеге келгенде есімімді Темірбек деп қойған. Себебі ол кісі қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновпен бірге жүрген, мектепті басқарған. Ол кісіні Ырғыз ауданының халқы жақсы біледі. Тіпті, Нұралы Қашқынбаевтың өмірбаяны «Ырғыз» энциклопедиясына енген. Өкінішке қарай, Нұралыдан ұрпақ тарамаған. Ал Жұмабайдан менің әкем Телмырза, Тельман, Телжан деген үш ұл туған. Осының ішінде Тельманды Нұралыға берген екен. Нұралы атам біз бала кезімізде әкеме ер-тоқым сыйлаған екен. Ол ер-тоқымды берерде Нұралы атам әкеме былай депті: «Бұл — Темірбек Жүргеновтің өзі мінген ер-тоқым, енді сол кісінің есімін берген Темірбек немереме сыйлаймын». Міне, сол ер-тоқымды әжем үйде ұзақ жылдар бойы сақтаған. 1975-жылдары соны әкем маған берген. Сол кезеңде әкем ер-тоқымның тарихын айта отырып, оның ел ағасы, ұлт жанашыры болған, қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтен қалғанын жеткізген еді. Мен он жылдық мектепті 1983 жылы бітірдім. Одан бері көп жыл ер-тоқым сандықта жатты. Біраз жыл өзім атқа ерттеп, міндім, «Жүргенов атамыздың көзі» деп сақтап келдім, — дейді Темірбек Телмырзаұлы.

Биыл «Темір нарком» атанған мемлекет және қоғам қайраткерінің туғанына 125 жыл толып отыр. Осы орайда кейіпкеріміз «Жүргеновтің көзі» деп сақтаған, сонау Нұралы атасынан қалған ер-тоқымды Ырғыз аудандық музейіне тапсырыпты. Ер-тоқым қазіргі уақытта тозығы жетіп, ескірген. Оны қайта өңдеу керек. Бұл жұмысты Ырғыз аудандық музей директоры Әлібек Таубатыров өз мойнына алыпты. Осылайша бүгінде Темірбек Жүргеновтей асыл азамат мінген ер-тоқым Ырғыз өңіріндегі мұражайда сақтаулы тұр.

 Мен бұл ер-тоқымды Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырғым келген. Алайда аудандық музей қызметкерлері ұсыныс білдіріп, ақыры сондағы көрмеге қойылды. Қазір жастар сол жерде сол ер-тоқымның тарихын біліп, Темірбек Жүргеновтің өмірі, елге жасаған қызметі жайлы мағлұматтар алуда. Арада ұзақ жылдар өтсе де, осы жәдігерді халықтың назарына ұсынғаным дұрыс болды деп ойлаймын. Ұлт жанашыры болған қоғам қайраткерінің аруағы баршамызды желеп-жебеп жүрсін, — дейді Темірбек Жұмабай.

Бүгінде Темірбек Жұмабай тұратын Нұра ауылында Т.Жүргенов атындағы орта мектеп бар. Сол мектепте биыл мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай онкүндік өткізілді. Іс-шаралар аясында қоғам қайраткеріне өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, «Нарком Жүргенов» қойылымы қойылды. Бұл шараларды тарих және құқық пәнінің мұғалімі Гүлбану Жұмабаева өткізген.

Алаш ардақтылырының бірі, Қазақстан мен Орта Азия республикаларының оқу-ағарту, мәдениет және қоғам қайраткері, өз дәуіріндегі Шығыс пен Батыстың мәдениетін тең игерген, жаңашыл толқынның өкілі, қазақ ұлтының қалыптасуында қолтаңбасы қалған ұлт күрескері Темірбек Жүргенов есімін жаңғырту біздің перзенттік борышымыз деп білемін. Осы орайда биыл ауданымызда Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай «Орта Азия мен Қазақстанның білім мен мәдениетін дамытудағы Темірбек Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы» тақырыбында аудандық семинар және білім алушылар арасында олимпиада ұйымдастырылды. Жыл басынан бері мектебімізде ұлт қайраткерінің есімін ұлықтау мақсатында көптеген іс-шаралар өтуде. Мұның барлығы жас ұрпақтың Темірбек Жүргенов туралы мағлұмат алып, оның есімін дәріптеп, ұлықтауда маңызы ерекше, — дейді ол.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында Темірбек Жүргеновтің есімі берілген бір елді мекен, бірнеше мектеп бар. Сондай-ақ облыс орталығындағы, Ырғыз, Әйтеке би аудандарындағы көшелерге де қоғам қайраткерінің есімі берілген.

Өзгелердің жаңалығы