Сарапшы: Теледебат – кандидаттардың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағытын айқындайды

30 Мамыр 2019, 11:01
3154
Бөлісу:
Сарапшы: Теледебат – кандидаттардың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағытын айқындайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауында президенттіктен үміткерлер арасындағы теледебат жайлы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (KAZISS) бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина өз пікірін білдірді.

«Бүгінде теледебат сайлау технологиясы ретінде көптеген мемлекеттерде, әсіресе президенттік, сонымен қатар, парламенттік сайлауда да жиі қолданылады. Сондай-ақ, теледебат премьер-министрлерді сайлау кезінде де пайдаланылады. Бүгінде дебатты 78 мемлекет сайлау науқаның бір бөлігі ретінде қолданысқа енгізген» - дейді ол.

Оның айтуынша кейбір мемлекеттерде теледебатты қадағалайтын арнайы орган бар.

«Мысалы, АҚШ-та Президенттік дебаттарды өткізу бойынша комиссия, Бельгияда Арнайы бақылаушы кеңес бар. Дебат 1 немесе 2 раундтан бастап, 12 раундқа дейін ұйымдастарылады. Ұзақтығы жағынан теледебаттар 1 сағаттан 3 сағатқа созылады. Қазіргі ақпараттық-коммуникациялық даму деңгейін ескере отырып, теледебаттар әлеуметтік желілер арқылы да таратылады. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттерде халық онлайн форматта теледебатқа деген өз көзқарас арнайы платформа арқылы білдіре алады» - дейді саяси сарапшы.

Сонымен қатар ол елімізде өткен теледебатқа өз бағасын берді.

«Қазақстанда теледебат үш раундқа бөлінген. Бірінші раундта әрбір қатысушы өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, сөз сөйлеп, қатысушылар екі сұрақтан қойып, екі сұраққа жауап берді. Екінші раундтың бірінші кезеңінде қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, жүргізушілер барлық қатысушыға бір сұрақ қойды. Соңғы раундта қатысушылар сайлаушыларға өздерінің негізгі идеяларын жеткізуге тырысты» - дейді ол.

Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, «теледебат кандидаттардың сайлауалды бағдарламасындағы айырмашылықтарды, ерекшеліктерін, негізгі бағыттарын айқындауға себебін тигізеді».

Естеріңізге сала кетейік, кеше 9 маусым күні кезектен тыс өтетін Қазақстан Республикасы Президентін сайлау бойынша президенттікке үміткерлердің теледебаты өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы