«Техникалық байқау» құжаты биыл цифрлы форматқа ауыстырылады

3 Тамыз 2023, 11:43
911
Бөлісу:
«Техникалық байқау» құжаты биыл цифрлы форматқа ауыстырылады
Фото: ИИДМ баспасөз қызметі

Таяу арада көлік жүргізушілеріне қағаз жүзіндегі «техникалық байқау» құжатын алып жүру қажет болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, автокөліктің техникалық байқаудан өткенін куәландыратын құжатты цифрлы форматқа көшіру бойынша жұмысты қолға алды.

Енді «Техникалық байқаудың диагностикалық картасы» электронды үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталатын болады.

Қазір IT мамандары арнайы сервисті әзірлеп, техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Интеграциялық жұмыстардан кейін осы қызметтің қанатқақты нұсқасы алдағы 1-ші қыркүйекте EgovMobile платформасында іске қосылады.

Аталған жобаның жоспарына сәйкес құжаттың цифрлы нұсқасы қадағалаушы органдардың дерекқорында сақталып, оны онлайн режімде тексеруге болады.

Айта кету керек, цифрлы құжаттардың заңды күші қағаз жүзіндегі аналогтармен бірдей және олардың артықшылығы көп: сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылып, қоғамның сенімі артады.

Бұл ретте биыл көктемде VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Үкіметке цифрландыруды күшейтіп, бюрократиялық рәсімдерді барынша азайтуды тапсырағанын естеріңізге сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы