Тегін берілетін зираттағы орындар сатылып келген

17 Сәуір 2020, 13:18
1977
Бөлісу:
Тегін берілетін зираттағы орындар сатылып келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жерлеу қызметін көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында мемлекет беретін жер учаскесі сатылып келгені туралы Агенттіктің превенция департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг басқармасы басшысының м.а. Данияр Якупов онлайн брифингте айтты.



Мониторинг барысында учаскелерді бөлу тәртібін анықтау мақсатында өңірлердің бірқатар қалалық зиратын араладық. Барлық аймақта жер учаскесі үшін ақы алынатыны анықталды. Мысалы, Петропавлда таңдау құқығы бар учаскелер үшін жүгінген адамдарға жерлеу қызметін есепке ала отырып, 73 мың теңге төлеуді ұсынатыны анықталды. Таңдау құқығы жоқ учаскелерде жерлеу қызметінің құны 63 мың теңгені құрайды. Тараз 11 мың теңге төлеген жағдайда ғана, жерлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл суммаға тақтайшаларды дайындау және орнату қызметі кіреді. Орал қаласында христиан зиратында 28 мың теңге, ал мұсылман зиратында 39 мың теңгеге зираттан орын ұсынады. Алматыда қаланың төменгі бөлігіндегі зираттарда 55 мың теңге болса, ал қаланың жоғарғы бөлігінде 85 мың теңгені құрайды. Төлемсіз бұл зираттан орын алу мүмкін емес, яғни мемлекет тегін беретін жер учаскесі іс-жүзінде сатылып келген, - деді мониторинг қорытындысы туралы Данияр Якупов.

Зират аумағында жер учаскесін анықтау және бөлу тәртібі тиісті түрде регламенттелмеген. Зират әкімшісі нақты бір тұлғалардың пайдасына қарай өз қалауы бойынша шешімдер қабылдау мүмкіндігіне ие.

Сондай-ақ, еліміздегі жерлеу және салттық қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша қоғамдық теріс пікір қалыптастыруға ықпал ететін бірқатар мәселе анықталған.
Жерлеу қызметін көрсету саласында бірнеше сыбайлас жемқорлық әрекеті анықталды. Оның алғашқысы зират аумағында жер учаскелерін бөлу тәртібі бойынша. Қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі 3 нормативтік акт бойынша реттеледі. Ол Жер кодексі, жерлеудің және зираттардың күтіп ұстауды ұйымдастыру қағидалары жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен регламенттелген. Жер кодексінің 109-бабы 3-бөлігіне сәйкес зираттар орналасқан елдiмекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдiмекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн 6 шаршы метр жер учаскесi тегiн беріледі, - деді агенттік өкілі.
Данияр Якуповтың айтуынша, мониторинг нәтижесінде зираттардың әкімшісі ақша алғаны анықталды. Олар ақшаны бөлінген жер учаскесі үшін емес, әкімшілік көрсеткен қызмет үшін алған. Адам қайтыс болғанда оның туысы не жақыны тікелей зират әкімшілігімен байланысады. Олар бірге марқұмның ыңғайлы жерде, көктем кезінде суға батпайтындай жер таңдайды. Зират әкімшісі осылайша, өздері жеке азаматтарға көрсеткен қызметтері үшін, мысалы, жер қазу, тақтайшалар жасау сияқты жұмыстары үшін ақша алған.



Өзгелердің жаңалығы