Атырау облысы Индер ауданындағы Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаевтың аты берілген «Әскери даңқ» музейі Отан үшін от кешкен батырлардың есімін өскелең ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында жұмыс істеп келеді. Алғашында орта мектептің бір бұрышында ғана жасақталған музей қазір бөлек мәдени мекемеге айналған. Онда 634 жәдігер сақтаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Боран Нысанбаев 1918 жылы Атырау облысы Индер ауданы, Көктоғай округіне қарасты Қаңбақты елді мекенінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Бала Боран 1930 жылы "Бает" бастауыш мектебінде оқып, 1934 жылы бастауыш мектепті бітіреді. Әрі қарай жанұясының жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмайды. Боран Едіресов Хисым есімді ұстаздан білім алған. Ол соғысқа дейін еңбек жолын колхозға мүше болып бастайды. 1938 жылдан 1940 жылға дейін пішен бригадирі болып еңбек етіпті. 1940 жылы ата-анасы өмірлік мұра қылып келе жатқан малшылық кәсіпті біржола үзіп, Гурьев қаласына барып, теміржол депосында жұмыс істеген. Сөйтіп, жаңа ұйымдасқан қоғамдық шаруашылықты өркендетуге бар күш жігерімен атсалысып, ел ішінде қайратты, еңбекқор жігіт ретінде көзге түскен.

1942 жылы қаңтар айында бұрынғы Есбол ауданының әскери комиссариатына, неміс фашистерінен өз Отанын қорғау үшін Боран Нысанбаев та әскер қатарына шақыру алған. Сол күннен бастап Боран өз Отанын қорғауға аттанады. Боран Бугруслан қаласында 17 күн әскери дайындықтан өтеді. Осы жерден Боран бастаған бір топ жауынгер Мәскеуге аттанады. Ол №137 атқыштар дивизиясының 771 атқыштар полкы І батальонының қатардағы жауынгері - минометшісі болып жаумен күреседі. Боран майдандағы алғашқы күндерінен бастап, өзінің тарихта ізін қалдырған батырлығынан бұрын да бірнеше рет ерлік жасап, үкімет наградасына ие болған, - дейді музей меңгерушісі Нұрлыгүл Қуатова.
Бір қызу ұрыста көрсеткен ерлігі үшін 1942 жылы 9 сәуірдегі №26 бұйрығымен «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.
1943 жылдың 28 қаңтарында Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын фашистерден босату шабуылы басталады. Алғашқы шабуыл сол жақтағы Безымянный, Сухадал сайларының арасындағы белден басталады. 1943 жылдың 6 ақпан күні 137 –атқыштар дивзиясының 771- атқыштар полкінің 1- батальоны 40 минуттық күшті артиллериялық әзірліктен кейін, сағат 10-да Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын жау қолынан алу үшін шабуылға шығады. Фашистер деревняның ортасындағы тас үйді бекініске айналдырып алып, пулеметтен оқ жаудырып, батальонның ілгері жылжуына мүмкіндік бермейді. Боран дзотты бұзуға өзінің командирінен рұқсат сұрайды. Рұқсат алған Боран жауып тұрған пулемет оғының астында бауырымен жорғалап, дзотқа жақындап барады. Бірнеше рет гранаталар лақтырады, бірақ жау пулеметының оғы толастамайды. Үшінші рет Боран батальонға жол ашу үшін өзін өлімге байлайды. Боран тұла бойына гранаталарды толтырып байлап, танкіге қарсы қолданатын екі граната алып, жау отырған дзотқа бауырымен жорғалап барады да, шапшаңдықпен дзотқа еніп кетеді. Дзот қатты дауыспен жарылады. Осы кезде батальон шабуылға шығып, Лески деревнясын алып, одан әрі нәтижелі шабуылды жалғастыра береді. Талқандалған жау бекінісінің орынынан немістің 28 офицері мен жауынгерлердің өлігі және комсомол мүшесі Боранның денесі табылады екен.

Теңдесі жоқ ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғары Кеңес Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Жарлығы бойынша қатардағы жауынгер Боран Нысанбаевқа “Кеңес Одағының Батыры” атағы беріледі. Боранның сүйегі өзі бұзған дзот орының жоғарғы жағында 4-5 метр жерде қойылған. Қаза болған жерге ескерткіш қойылып, Дросково орта мектебіне есімі берілген. Боран Нысанбаевтың Кеңес Одағының Батыры атағын алғаны көп уақытқа дейін белгісіз болды. Себебі Боранның әскери билетіндегі сиямен жазылған оның ата-тегі, батыр атағына ұсыну жөніндегі құжаттарды асығыс рәсімдеу кезінде дұрыс танылмағандықтан орыс командирі оны Нысанбаев деп жазудың орынына Исамбаев деп қате жазып жібергендігі анықталды. Қате жазылғандықтың кесірінен жерлестері мен туған-туыстары оның ерлігін көпке дейін білмей келді, - дейді тарихи дерекке сүйенген Н.Кеңесбайқызы.
Боран Нысанбаевтың ерлігі Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында ғана белгілі болып, 1963 жылы Боран Нысанбаев туралы деректер жинақтала басталады. Верхно-Жернов мектебінің тарих-география пәнінің мұғалімі Александр Матвеевич Акулинин бастауымен, «Қызыл ізшілер» отрядының мүшелері және жерлесіміз, өлкетанушы Кенжеғали Қаюповтың ерінбей ізденуі нәтижесінде Боран Нысанбаев екендігі әбден анықталған болатын. Іздемпаз оқушылар КСРО Қорғаныс Министірлігі мен Атырау облыстық комиссариатына байланыс жасады. Екі жақты іздеу шаралары өз нәтижесін берді. Көктоғай ауылындағы мектепке Қазақ КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 23 сәуірдегі № 324-ші қаулысы бойынша Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атымен 8 жылдық, кейіннен орта мектебі деп аталды.
Қазір батырдың ауылында оның аты берілген «Әскери даңқ» музейі жұмыс істеп тұр. Онда Боран Нысанбаевтың балалық шағы, білім алған мектебі, Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы фото экспозициясы коллаж түрінде, соғыс диорамасы, Боран Нысанбаевтың ерлігі диорамасы, батырлардың елге оралуы, Атырау облысы бойынша Кеңес Одағының батырлары, КСРО оқу ісінің үздігі, Б.Нысанбаевқа арналған музейін ұйымдастырушы Мүнира Тұрғалиева, қазақ халқының, ер жүрек, батыр қыздары Мəншүк Мəметова мен Әлия Молдағұлова және қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қызы халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға және Көктоғай ауылынан 1979-1989 жылдары Ауған соғысына қатынасқан интернационалист жауынгерлеріне, Индер ауданы бойынша ҰОС қатынасқан ардагерлерге арналған экспозияциялар қойылған. Музей қорында бас-аяғы 634 жәдігер сақтаулы. Музейде жылма-жыл дәстүрлі түрде музейде ерлікті насихаттау, дәріптеу мақсатында Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың ерлігіне орай түрлі шаралар өткізу үрдіске айналған көрінеді. Бірақ әу баста музей мектептің бір бұрышын ғана алып тұрған екен.
Боран Нысанбаевтың батырлығы белгілі болған уақытта Қазақ КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 23 сәуірдегі № 324 қаулысымен Зеленый орта мектебіне аты берілді. Батырға арналған бір бұрыш жасақталды. 1977 жылы 1 қыркүйекте мектептің жаңа ғимаратқа көшіп сол мектептің ІІ –ші қатарынан жарық және кең бөлмесін Боран Нысанбаевтың есіміне арнаған музей жасақтаған болатын. Кейін жауапты басқарма бастамасымен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің Б.Нысанбаев атындағы «Әскери даңқ» музей бөлімшесі болып құрылды. 10 экспозицияда 346 жәдігер сақталды, - дейді музей меңгерушісі Н.Қуатова.
2020 жылы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 75 жылдығына байланысты музей арнайы ғимратқа көшіріліп, экспозициялық залдар кеңейтілді. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залы жаңадан жасақталды. Музей экспозициясы арнайы жеке тақырыптармен толықтырылды.
Бүгінде мәдени мекеме басшылығы еңбегі ерен батырларды ұмыт қалдырмай, ұлықтау бағытында тер төгіп келеді.