Тегеранда Қазақстан мен Иран арасындағы саяси консультациялар өтеді

8 Сәуір 2019, 17:55
2555
Бөлісу:
Тегеранда Қазақстан мен Иран арасындағы саяси консультациялар өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ көпжақты дипломатия аспектілерін талқылайды. Бұл туралы апта сайынғы брифинг барысын СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

«10 сәуірде Қазақстан мен Иран сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізіледі. Іс-шарада Қазақстан делегациясын министрдің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, ал Иран тарапын Сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Аракчи басқарады. Саяси консультациялардың кезекті раунды Қазақстан мен Иранның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы үйлестіруді кеңейтуге және нығайтуға, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді», - деді СІМ ресми өкілі.

Сонымен қатар, сапар барысында Мұхтар Тілеуберді Иранның Сыртқы істер, Жол және қала құрылысы, Индустрия, кен және сауда, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшылығымен екіжақты кездесулері жоспарлануда. Келіссөздер барысында қазақстандық өнімдерді Иранға экспорттау мәселелерімен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың сауда, көліктік-логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салалардағы мәселелер талқыланады. 

«Қазақстан Иранмен экономикалық байланыстарды дамытуға маңызды назар аударатынын атап өту жөн. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының жалпы көлемі 516,3 млн АҚШ долларын құрады. Соның ішінде, Қазақстандық экспорт көлемі 426,7 млн, ал Иран импорты 89,5 млн долларды құрады. Қазақстан мен Иран Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара әрекеттесуге маңызды мән береді», - деп түйіндеді Смадияров.

Өзгелердің жаңалығы