Театрға Шолпан Жандарбекованың есімін беру ұсынылды

1 Қаңтар 2022, 17:41
3003
Бөлісу:
Театрға Шолпан Жандарбекованың есімін беру ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс биыл 100 жылдығы аталып өтетін әйгілі актриса Шолпан Жандарбекованың есімін Қарағанды театрына беруді ұсынды.

Менің ғана емес, маған дейінгінің аяулы ұстазы болған Шолпан Жандарбекованың туғанына – 100 жыл. Ғасыр тойы аталып өтуге тиіс ұлы ұстаз –ұлттық өнеріміздің ыстығына күйіп, суығына тоңып, өзі еңбек еткен өнер ордасымен өмірінің соңына дейін бірге жасасқан адам. Оқытушы әркімде бар. Мұғалімнің алдынан өткен шәкірт те көп. Ал Шолпан апай нағыз ҰСТАЗ болатын. Осы кісіден тәлім алған халық әртістері мен қайраткерлер көп. Ол шәкірттерін өнердегі анасы ретінде тазалыққа, кішіпейіл болуға тәрбиеледі. Адамгершіліктен аттамауға баулыды. Маған: «Барынша адал бол. Өмірде адал болу сенің өнерің үшін де қажет. Өйткені өмірден өткен үлкен ұстаз жоқ. Талант адамға тәңірден беріледі, ал мен – саған жай бағыт-бағдар берушімін. Өнеріңді бағалай біл», – дейтін. Ұстаз ретінде ол кісі ұшырған соңғы түлектің бірімін - деп еске алды Бекжан Тұрыс.

Қазақ халқында шаңырақты қашанда ер адам көтереді. Сонау 1926 жылы ашылған қазақ өнерінің қара шаңырағы ғұлама жазушымыз Мұхтар Әуезовтің есімін еншіледі. Бұл күнде ол Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық драма театры статусына ие болған. 

Ал сұлулықты ерекше жақсы көретін Шолпан апайдың өзі – ұлттық театр өнерінің өсуіне, кеңеюуіне, яғни қара шаңырақ басқұрының оюы анық, бояуы қанық болуына мол үлес қосқан адам. Жалғыз ол кісі емес, театрдың ақ жаулығы атанған Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова, Хадиша Бөкеевалардың әрқайсысы қазақ театр өнерінің біртуар айымдары, қазақ өнерінің шаңырағын ұстаған уықтары. Шолпан Жандарбекованың еншісіндегі Ақтоқты, Еңлік, Баян, Шырын, Тоғжан рольдері бүгінде театр тариxына алтын әріппен жазылып қалды. Оның театрға деген маxаббаты мен адал еңбегі кейінгілерге үлгі - дейді актер.

Ұлағатты ұстаз қалдырған өнеге, ұлы өнер мәңгі жасайды, өйткені соңында жоқтаушы шәкірттері бар. Ал өшпес қазына қалдырған Шолпан апайдың жұлдызы өз биігінде жарқырай түспек. Өнер бар жерде, театр бар жерде ол кісінің аты алғашқылармен бірге атала береді. 

Бүгінде Хадиша Бөкеева, Бикен Римова атындағы театрлар – бекзат өнердің бір-бір ошағы. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген, олай болса, жүз жылдыққа орай, атақты актрисаның туған жері – Қарағандыдағы атауы жоқ музыкалық театрға Шолпан Жандарбекованың есімін беріп, төрт құбыламызды неге тең етпеске? Тірінің парызы өткенді еске алып, руxын шаттандыру. Олай болса, қазақ өнерінің Ақтоқтысы, театр саласының сөнбес жұлдызы Шолпан Жандарбекованың есімі қара шаңырақта өзі бірге еңбек еткен Хадиша, Бикен аналардың қатарынан табылуына облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек мұрындық болып, сондай-ақ ҚР Ономастика комитетінің Қарағанды облыстық Ономастика бөліміне қазақ халқының аяулы қызы, театр саласының майталман маманы, ұлағатты ұстаз, атақты актриса Шолпан Жандарбекованың туғанына 100 жыл толуына орай туған жері – Қарағандыдағы музыкалық театрға есімін беруді өтінеміз - дейді Бекжан Тұрыс.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы мерейтойлар мен атаулы күндер туралы мына жерден оқысаңыздар болады.

Өзгелердің жаңалығы