Театрдың жүгін көтеруге көп саланың белі шыдамайды

31 Наурыз 2024, 20:39
1752
Бөлісу:
Театрдың жүгін көтеруге көп саланың белі шыдамайды
Фото: Артём Чурсинов

Театр деген – өмір. Сахнадан өзіңді көресің. Ұяласың. Негізі мәдениеттің жүгін дәл осы театрдай көтеруге көп саланың белі шыдай бермейді. Жуырда халықаралық теарт күніне орай Астанада түрлі мәдени шаралар өтті. Мереке барысында біз де театрға барып, мамандар мен көрермендердің пікірлерін сұраған едік.

Театрдың эстетикасы, танымдық-тағылымдық әлемі, философиясы, көзқарастардың қақтығысы өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, ең бірінші кезекте театр осы бір рухани-әлеуметтік институттың да жүгін атқаруы тиіс. Себебі, ежелгі Грек театрларынан бастап театр тіпті діннің де үлкен функциясын атқарған. Ежелгі Гректерден бүгінгі күнге дейін жеткен «театр көбейсе, түрме азаяды» деген тәмсіл бар. Ол ауыспалы мағынасында да, тура мағынасында да солай. Себебі, ежелгі Грек далаларында да, Рим театрларында да қойылым болып жатқан кезде түрмелердің есігі ашылып, адамдар сол жерге барып рухани сусындайтын болған. Яғни, театр бар жерде қылмыскер болмайды деген наныммен өмір сүрген.Театрдың қазіргі күнге дейін өміршең өнер болып, тұғырынан түспей келе жатқанының ең басты себебі, театрдың тамырында рухани құндылықтар жатыр, - дейді Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров.

Бүгінде театрға келетін көрермендер қатары да көбейген. Жаңа ғимаратқа көшкен Қалекей театрының да үлкен залдарынан бос орын табу қиындау. Бұл да халықтың рухани дүниеге шөліркегенін байқаьсе керек.

Театрға бұрыннан махаббатым ерекше. Студент кезімде билет алуға ақшам болмаса да Тараздың орталығындағы театрға барып тұратынмын. Ол кезде театрға келетін адам қарасы аз еді. Уақыт болып, қойылым басталғанша есік алдындағы апайға жалынып тұрам. Болмағасын кіргізіп жібереді. Ақыры бос орындар көп қой деп ойлайтын болса керек. Кейін Астанаға көшкелі театрға бару жайына қалды. Сол кемшіліктің орнын толтыру үшін соңғы жылдары Астанадағы театрларды аралап жүрмін. Музыкалық жас көрермендер театрында үнемі орын болмайды. «Гауһартасты» сағынып жүріп биыл әзер тамашаладым. "Жастар" театры, Қалибек Қуанышбаев, Әзірбайжан Мәмбетов театрларында бір қойылымға бірнеше мәрте барған кездерім болды. Қазір халық та ырқыл-жырқыл шоулардан шаршап, саф өнерді сағына бастады. Оны театрға ағылған көрерменнің көбейіп келе жатқанынан байқауға болады. Сосын ерекше талантты режиссерлер де көбейіп келеді. Бұрынғы пьесаларды құлпыртып, жаңалап ұсынғанда риза болып отырасың. Көп сөз айтпаса да көрерменді ойландыра алады, - дейді театрдың тұрақты көрермені Әлімхан Сәндібек.

Өзгелердің жаңалығы