Футзалдан U15 Қазақстан біріншілігі аяқталды

31 Наурыз 2024, 20:35
381
Бөлісу:
Футзалдан U15 Қазақстан біріншілігі аяқталды

2024 жылғы наурыздың 20-сынан 25-іне дейін Ақтөбе қаласында 2009 жылдан бастап туған жасөспірімдер арасында, U15 категориясы бойынша, футзалдан Қазақстан біріншілігінің 2023-2024 маусымының үшінші қорытынды туры өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жас категориясында еліміздің барлық өңірінен 18 команда қатысты, бұл - барлық жас категориялар ішінде ең көп команда қатысқан турнир болды. Турнир форматына сәйкес әр команда бір-бірімен кездесіп шығуы керек.

Бірінші айналым 2023 жылдың қазан айында Алматы қаласындағы «Қайрат» футзал клубының алаңында өтсе, екінші тур қаңтар айының басында Қарағанды қаласындағы «Тұлпар» футзал клубының алаңында өткен болатын. Үшінші тур «Әлихан» спорт кешенінде Ақтөбе қаласында ұйымдастырылды.

Турнирге Қазақстан футзал әлеміндегі танымал «Қайрат», «Тұлпар», «Аят», «Бәйтерек», «Ақтөбе», «Атырау», «Астана», «Түркістан» БЖМОФМ сияқты дарынды балаларға арналған футзал академияларымен қатар, астаналық «Сайран», тараздық «Тұлпар», жаңаөзендік JF Academy, Құлсарыдан «Қаратон» сияқты жекеменшік балалар футзал клубтары да қатысты.

Футзалдан Қазақстан біріншілігінде қарағандылық «Тұлпар» командасы жеңіске жетіп, чемпион атанды. Күміс жүлдегер ретінде бір ұпай айырмашылығымен астаналық «Сайран» командасы танылды. Үшінші орынды жаңаөзендік «JF Academy» командасы иеленді.

Өткен біріншілік аясында «Сайран» командасы ресми матчтарда бірде-бір жеңіліс көрмеген команда ретінде танылды.

Қарағандылық «Тұлпар» командасы Қарағанды қаласында өткен екінші айналымда ғана «Сайран» командасына 1:3 есебімен жеңілген еді. Астаналық «Сайран» командасы, жеке дара көш бастап келе жатып, турнирдің фавориті жергілікті «Ақтөбе» командасымен соңғы минутта тең ойнап қалғандықтан, чемпиондық бірінші орыннан бір ұпайға кейін қалды.

Қазақстан футзал қауымдастығы (ҚФҚ) турнирді ұйымдастырушы ретінде өз міндеттерін абыроймен атқарды. ҚФҚ – 1996 жылы құрылған және Қазақстан футбол федерациясының құрамында футзал бойынша жарыстарды ұйымдастыруға жауапты бөлімше. 2022 жылдың күзінен бастап ҚФҚ өзінің қызметін жеке ұйым ретінде қайта жандандырды.

Өзгелердің жаңалығы