Неліктен Тәжікстан Қазақстанға су жіберетіні айтылды

1 Маусым 2021, 20:44
17123
Бөлісу:
Неліктен Тәжікстан Қазақстанға су жіберетіні айтылды

Нұр-Сұлтан, Тәжікстаннан елімізге қосымша 300 млн м3 астам суармалы су келетін болады, деп хабарлады Экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Биылғы жылы Сырдария өзенінің бассейніндегі су тапшылығына байланысты күрделі су жағдайы қалыптасты.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кездесу өткізіп, оның барысында тәжік тарапымен «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы жылғы маусым-тамыз аралығында 315 млн м3 суды қосымша ағызу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұл көлем Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.

Түркістан және Қызылорда облыстарының қажеттіліктері үшін Сырдария өзені бассейніндегі су жағдайының қиындығын ескере отырып, тәжік тарапы Қырғызстан Республикасы Тоқтоғұл су қоймасынан ағызатын су көлемінен басқа, маусымнан тамызға дейін «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша 315 млн м3 су жеткізуге келісті. Қазақстан өз кезегінде Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсетеді, - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Өзгелердің жаңалығы