"Таза Қазақстан": Семей орманының аумағына 28 560 көшет отырғызылды

14 Сәуір 2024, 09:18
402
Бөлісу:
"Таза Қазақстан": Семей орманының аумағына 28 560 көшет отырғызылды
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Абай облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өтуде. Аймаққа қарасты қалалар мен аудандарда көгалдандыру және қоқыс жинау,  аялдамаларды жуу, ескерткіштерді тазалау, ағаштарды әктеу, олардың түбін қопсыту жұмыстары жүргізілуде. 

Сонымен қатар, Семей орманының аумағына 6 гектар жерге 28 560 көшет отырғызылды.

Акцияға мемлекеттік және жеке меншік мекемелер қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, студенттер, оқушылар қатысты. Шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев азаматтарды республика көлеміндегі ауқымды акцияға белсене атсалысып, өз үлестерін қосуға шақырды.

Мемлекет басшысының бастамасын бүкіл Семей жұртшылығы, облыс тұрғындары қолдаймыз. Қазір облысымыздың әрбір аудан, қалаларында сенбіліктер өткізілуде. 2 айлық тазалық жұмыстары шеңберінде көшелерді, жол жиектерін, қоғамдық орындардағы қоқысты жинау, оларды шығару, абаттандыру және тағы басқа өзге де санитарлық шаралар    қаламыздың әр ауданы мен шалғайдағы ауылдарына дейін қамтитын болады, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі одан әрі «Бейбітшілік» аралығындағы бұрыңғы қалқымалы көпір аумағына барып, жағалаудағы бекіту жұмыстарымен де танысты. Соңынан қала әкіміне жағдайды бақылауда ұстауды, сонымен қатар аралды су басу қаупінің алдын-алуға қатысты тапсырмалар берді.  

Жалпы, ағымдағы жылы облысымызда 65 000 түп көшет отырғызылады (Абай ауданы - 4 000 түп, Аягөз ауданы - 8 000 түп, Бесқарағай ауданы - 8 000 түп, Бородулиха ауданы - 7 000 түп, Жарма ауданы - 5 000 түп, Көкпекті ауданы - 6 000 түп, Ақсуат ауданы - 6 000 түп, Курчатов қаласы - 3 000, Семей қаласы - 9 100 түп, Жаңасемей ауданы - 900 түп, Үржар ауданы - 7 000 түп, Мақаншы ауданы - 1 000 түп). 

Семейде қоғамдық орындардың аумақтарында жалпы ауданы 13 500 шаршы метр болатын қосымша гүлзар отырғызылады, оның ішінде: 4 500 шаршы метр аумағында көпжылдық гүлдер, 9 000 шаршы метр жерге маусымдық гүлдер.

«Таза Қазақстан» акциясы әр апта сайын түрлі бағыттарда экологиялық іс-шаралармен жалғаса бермек.

Өзгелердің жаңалығы