Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Таразда өткен жалпықалалық сенбілікке қатысты.
Өңір басшысы белсенді жастармен бірге «Ұлы дала» шағынауданындағы «Үшбұлақ» каналының арнасы мен оған іргелес аумақты тазалау жұмыстарына атсалысты.
Сенбілік барысында Ербол Қарашөкеев тазалықты сақтау мен қоршаған ортаны қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ өңір тұрғындарын «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, елді мекендерді абаттандыру мен санитарлық тазалығын сақтауға үлес қосуға шақырды.
Айта кетейік, аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысында 5 қыркүйек пен 31 қазан аралығында күзгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі. Осы кезеңде көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындар мен оларға іргелес аумақтарды тазалау жоспарланған.
Облыс орталығында өткен жалпықалалық сенбілікке 5 мыңға жуық адам қатысып, 25 техника жұмылдырылды. Жұмыс қорытындысы бойынша 150 тонна қоқыс шығарылды.
Жалпы жыл басынан бері Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шараларға 79,7 мың адам және 2,1 мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме қатысты.
Өңірде 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылып, 5,5 мың шақырым көше мен жол, 950 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ саябақтар мен скверлердің 750,4 мың шаршы метр аумағы тазартылды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 12,1 мың тонна қоқыс шығарылды.