Алматыда полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп, олардың заңды талабына бағынбаған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тараған. Кадрлардан ер адамның полиция қызметкерлерінің әрекетіне араласып, олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргенін көруге болады.
Оқиғаға қатысы бар азаматтың жеке басы анықталып, ол Алматы қаласы Полиция департаментінің Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен ол үш тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген тәртіп сақшыларының жұмысына араласу, оларды арандату және заңды әрекеттеріне кедергі келтіру құқықтық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Сондай-ақ полиция оқиғаны камераға түсіруге рұқсат етілгенімен, бұл қызметкерлердің жұмысына араласуға немесе кедергі келтіруге құқық бермейтінін атап өтті.