Бүгін, 5 қыркүйекте Қазақстанның 15 облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.
Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні кей жерлерде 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Қызылорда облысында шаңды дауыл болжанып отыр. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді.
Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Жел 15-20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Алматы облысының таулы аймақтарында түнде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын, күндіз жаңбыр мен найзағай болжанады. Кей жерлерде тұман түседі.
Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында түнде 2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал. Өңірдің солтүстігінде, сондай-ақ Абай және Қарағанды облыстарының бірқатар ауданында тұман күтіледі.
Ақтөбе және басқа да бірқатар өңірде жел күшейеді. Сонымен қатар Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Ұлытау, Алматы, Қарағанды, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының өзгерісін ескеріп, сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.