Британдық ең көне журнал Тоқаевтың Ақжан атты жылқысына тәнті болды

Басылым Ақжанға арналған материалын «Ақжан: Ұлы даланың таза жаны» деп атаған.

 Ақорда 5 Қыркүйек 2026, 12:39
5 Қыркүйек 2026, 12:39
230
Фото: Ақорда

Британдық ең көне апталық басылымдардың бірі Country Life журналы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақжан атты жылқысына арнайы материал арнады.

Журнал жарияланымында Ақжан жай ғана сирек кездесетін жылқы емес, Ұлы дала тарихы мен қазіргі Қазақстанның болмысын байланыстыратын ерекше бейне ретінде сипатталған.

«Ұлы даланың таза жаны»

Басылым Ақжанға арналған материалын «Ақжан: Ұлы даланың таза жаны» деп атаған. Авторлар жылқының ерекше көрінісіне жоғары баға беріп, оның бойынан қазақ даласының тарихы мен мәдениетін көруге болатынын атап өткен.

Ақжанның ең басты ерекшеліктерінің бірі – сирек кездесетін изабелла түсті жүнінің болуы. Бұл түс ахалтеке тұқымындағы жылқылардың шамамен 3 пайызына ғана тән.

Журнал авторлары Ақжанның жүнін дала жарығын ерекше шағылыстыратын, жібектей жылтыр түске балаған.

Қазақстанның заманауи символы

Country Life басылымы Ақжанды Қазақстанның тарихи мұрасын қазіргі заманмен байланыстыратын символ ретінде көрсетеді.

Авторлардың пікірінше, жылқы бейнесі арқылы Қазақстан өзін Ұлы даланың терең тарихымен байланыстыра отырып, заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде таныта алады.

Жарияланымда Ақжан тіпті «қазіргі Қазақстанның бойтұмары» іспетті бейне ретінде сипатталған.

Басылым Ақжан мен Астананың арасында да символикалық байланыс орнатады. Астана – заманауи сәулетімен танылғанымен, ұлттық болмысын сақтауға ұмтылған қала. Ал Ақжан осы екі құндылықты – тарих пен заманауилықты біріктіретін бейне ретінде ұсынылған.

Ақжанның есімін Тоқаев қойған

Журнал мәліметінше, Ақжанның атын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қойған. Қазақ тіліндегі «Ақжан» атауы «таза жан», «жарқын жан» деген мағынаны білдіреді.

Ақжан 2025 жылдың наурызында Астанада дүниеге келген. Ол таза қанды ахалтеке тұқымынан шыққан Ганатлы мен Табыс атты жылқылардың төлі.

Шетелдік басылымдардың назарында

Ақжан бұған дейін де шетелдік басылымдардың назарын аударған. Қытайдың ұлттық әуе компаниясының Wings of China журналы оны «құдайдың жүйрігі» және «аспан тұлпары» деп сипаттаған.

Ал «Россия» басылымы Ақжанға «Ұлы даланың аспан тұлпары» деген тақырыппен арнайы материал арнаған.

Енді Қазақстан Президентінің жылқысы туралы әлемдегі беделді әрі тарихы терең Country Life журналы жазды.

Айта кетейік,Country Life журналы 1897 жылдан бері жарық көріп келеді. Басылым ауыл өмірі, сәулет, тарих, өнер, табиғат және жылқы тақырыптарын тұрақты түрде қамтиды.

Наверх