АҚШ Таяу Шығыстағы соғыстан кейінгі стратегияны әзірлеп жатыр – БАҚ

Сонымен қатар Трамп әкімшілігі Газа секторындағы қақтығысты реттеу жоспарының келесі кезеңіне өту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

 depositphotos.com 5 Қыркүйек 2026, 04:27
5 Қыркүйек 2026, 04:27
135
Фото: depositphotos.com

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иранмен соғыс аяқталғаннан кейін Таяу Шығыста әрекет етудің жаңа стратегиясын әзірлеп жатыр. Бұл туралы Axios дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Портал мәліметінше, стратегияның негізгі бағыттарының бірі – Иранды тежеу және Израильдің көрші елдермен қарым-қатынасын қалыпқа келтіру. Вашингтон Иранды тежеуге бағытталған аймақтық одақтастар коалициясын құруды қарастырып отыр. АҚШ бұл бірлестіктің қауіпсіздік кепілгері болуы мүмкін.

Сонымен қатар Трамп әкімшілігі Газа секторындағы қақтығысты реттеу жоспарының келесі кезеңіне өту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Вашингтонның жоспарына Сирия мен Израиль арасында бейбіт келісімге қол жеткізу, Израиль мен Ливан арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру, сондай-ақ Израиль мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мәселелері де кіреді.

Axios дереккөздерінің айтуынша, стратегияны әзірлеу әзірге бастапқы кезеңде. Жұмыс АҚШ-тың жоғары саяси басшылығы деңгейінде де, бірқатар мемлекеттік ведомстволар арасында да жүргізіліп жатыр.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери қимылдары 28 ақпанда басталған. Маусымда Вашингтон мен Тегеран әскери іс-қимылдарды тоқтатуға қатысты меморандумға келгенімен, шілдеде АҚШ Иранға ауқымды соққыларын қайта бастаған. Кейін Вашингтон әскери операциялардың ауқымын қысқартып, Тегеранға экономикалық және санкциялық қысымды күшейтуге бет бұрған.

Наверх