Тәуелсіздікке 35 жыл: Қазақстанның демографиялық келбеті қалай өзгерді?

©BAQ.KZ коллажы  ©BAQ.KZ коллажы 26 Қараша 2026, 17:50
26 Қараша 2026, 17:50
135
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Тәуелсіздік жарияланған жылы Қазақстанда 353 мың сәби дүниеге келді. Биыл сол ұрпақ 35 жасқа толып отыр. Осы уақыт аралығында ел халқы 20 миллионнан асты, күтілетін өмір ұзақтығы сегіз жылдан астам уақытқа ұзарды, миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Алайда кейінгі жылдары бала туу көрсеткішінің төмендеуі байқалады. BAQ.KZ тілшісі тәуелсіздік жылдарындағы демографиялық өзгерістерге шолу жасады.

Бала туу көрсеткіші қашан шарықтау шегіне жетті?

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Қазақстанда бала туу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. 1991 жылы 353 мың сәби дүниеге келсе, 1999 жылы бұл көрсеткіш 218 мыңға да жетпеді.

Кейін елдегі демографиялық ахуал біртіндеп өзгере бастады. Бала туу көрсеткіші қайта өсіп, 2021 жылы 446 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бұл- Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші.

Алайда 2021 жылдан кейін туу көрсеткіші қайта төмендей бастады. Кейінгі төрт жылда дүниеге келген сәбилер саны жыл сайын азайған. Биыл да осы үрдіс жалғасып отыр.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 227 мыңға жуық сәби дүниеге келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22 мыңға аз.

Қазақстандықтардың күтілетін өмір ұзақтығы сегіз жылдан астам уақытқа ұзарды

Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды демографиялық өзгерістердің бірі- халықтың күтілетін өмір ұзақтығының артуы.

1991 жылы Қазақстанда туған сәбидің күтілетін өмір ұзақтығы 68 жасқа да жетпейтін. Ал 2026 жылы жарияланған статистикалық деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 76 жасқа жуықтаған.

Осылайша, тәуелсіздіктің 35 жылында қазақстандықтардың туған кездегі күтілетін өмір ұзақтығы сегіз жылдан астам уақытқа ұзарды.

Миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралды

Елдің демографиялық келбетінің қалыптасуына этникалық көші-қон да ықпал етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына қоныс аударуына мүмкіндік туды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылғы наурызда жариялаған мәліметіне сәйкес, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 168 мыңнан астам этникалық қазақ оралған.

Биылғы наурыздағы есеп жарияланғанға дейін 3 335 адам қандас мәртебесін алған. Олардың басым бөлігі Қытай мен Өзбекстаннан қоныс аударған.

Тарихи Отанына оралған қандастар ел халқының сан жағынан өсуіне үлес қосып қана қоймай, Қазақстанның қоғамдық және мәдени өмірінің бір бөлшегіне айналды.

Қазақстан халқы 20,6 миллионнан асты

Бүгінде Қазақстанда 20 миллион 633 мыңнан астам адам тұрады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы демографиялық құлдыраудан кейін Қазақстан халық санының тұрақты өсу кезеңіне өтті. Күтілетін өмір ұзақтығы артты, шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына жол ашылды.

Дегенмен соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің қатарынан төмендеуі елдің алдағы демографиялық дамуына қатысты жаңа сұрақтар туындатып отыр.

Тәуелсіздіктің 35 жылындағы демографиялық өзгерістер - елдің әлеуметтік дамуының, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен болашаққа беталысының маңызды көрсеткіштерінің бірі.

 

Наверх