Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

21 Шілде 2021, 09:55
4164
Бөлісу:
Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?
Мақала PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік жылдары ел медицинасы қалай дамыды? Пандемия жағдайындағы жүктемені дәрігерлер еңсере алып жатыр ма? Медициналық қызметкер мен науқастың арасында дау немесе түсінбеушілік болған жағдайда ең алдымен кімге жүгіну керек? Осы және басқа да сұрақтарға Алматы қаласы №7 клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Манас Рамазанов сұхбат барысында жауап берді. 

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Тәуелсіздік алғалы елімізде көптеген медициналық ұйым ашылып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. 1991 жылы ашылған медициналық мекеменің бірі Алматыдағы №7 клиникалық аурухана. Биыл 30 жылдығын атап өткелі отырған бұл мекеме бастапқыда шұғыл келіп түскен науқастарды қабылдау мақсатында ашылған, ал қазір Алматыдағы ең үлкен көпбейінді ауруханаға айналған. Осы 30 жыл ішінде аурухана ішіндегі құрылымдар кеңейіп, басқа да салалар іске қосылып, дами түскен. 2018 жылы аурухана жанындағы емхана да осы мекеме құрамына өткен, қазір онда 27 800 шамасында адам тіркеуде тұр.

Ауруханада қазір 30-дан астам бөлімше бар. Оның ішінде хирургияның үш бөлімшесі, нейрохирургиялық орталық, кардиология, травматология, урология, екі гинекология бөлімшесі, нефрология, гемодиализ бөлімдері жұмыс істеп тұр. Гемодиализ дегеніміз – жасанды бүйрек аппараты арқылы ем жасау. Қазір 7-8 науқас амбулаторияда ем алып жатыр. Одан басқа гематология деген бөлімше бар. Онда қан ауруларын емдейміз. Мұндай бөлімше қаладағы онкологиялық институтта және бізде ғана бар. Сондай-ақ қаладағы ең үлкен жансақтау бөлімшесі де осы мекемеде орналасқан. Екі инсультті бөлімше бар, яғни қала бойынша 150 төсек орын тағайындалған болса, соның жартысы бізде. Сондықтан бұл тек қала бойынша емес, республикадағы ең үлкен медициналық мекемеге айналды, - дейді Манас Рамазанов. 

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Сондай-ақ аурухана жанынан екі қабатты қазіргі заманға сай қабылдау бөлімшесі салынып жатыр. Ескі қабылдау бөлімшесі күніне 300-500 адамды қабылдауда қиындықтар туғызған, сондықтан осындай бөлімшені салу қажеттігі туыпты. Ол жерде компьютерлі томограф, кіші операция залы, интенсивті терапия, реанимация болады. Оған қоса қазіргі пандемиялық жағдайды ескеріп «жасыл» және «қызыл» аймақ құрылады. Жоспар бойынша құрылыс осы жылдың аяғында біту керек. 

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Манас Рамазановтың айтуынша, пандемия басталғалы науқастардың 90%-ы шұғыл түрде түсіп жатыр. Себебі қаладағы көптеген аурухана ковидті госпитальға айналған. Соның нәтижесінде бұл ауруханаға деген жүктеме арта түскен. Бұрын науқастардың 70%-ы шұғыл келіп түссе, қалған 30%-ы жоспарлы түрде портал арқылы өзге өңірлерден келіп жүрген. Соңғы 1,5 жылда жедел жәрдеммен түсетін науқастардың саны көбейіп, жоспарлы жатқызу азайған. Пандемияға дейін емханаға күніне 300-дей адам жүгінсе және оның 60-70-і ауруханаға жатқызылып келген. Қазір ауруханаға жүгінетіндер саны 500-ден асып кеткен, оның ішінде 80-100 адамға дейін ауруханаға жатқызылатын көрінеді. 

Жұмыстың қауырттығына қарамастан аурухана жаңадан техникалық-материалдық жабдықтар алуды жалғастыруда. Пандемия басталғалы аурухана жанынан оттегі беретін станция салынған. Қазір әр төсекке дейін оттегінің 3 түрі тартылған. Оған қоса медициналық аспаптарды утилизациядан өткізетін кешен салыныпты. Оны қала әкімдігі салып берген. 2019-2020 жылдары 2 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа жабдықтар алынған. Оның ішінде компьютерлік томограф, рентген аппараты, түрлі ИВЛ аппараттары, гемодиализге арналған жабдық және ота жасауға қажетті жаңа құрал-жабдықтар бар.  

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Пандемия басталғалы ауруханада жұқпалы ауруларға арналған бөлімше ашылған.  Ол бірде 30 төсекке, кейін 50 төсек орынға дейін өсіп отырыпты. Бұл тек коронавирус жұқтырып келгендерді емес, жүрегін немесе бүйрегі ауыратын, бірақ вирус анықталған науқастарды емдеуге арналған. Яғни науқасқа басты сырқаты мен қоса коронавирусқа қарсы ем-шара көрсетіліп отырған.

Былтыр маусым айында коронавирус қатты тараған тұста бірнеше инфекциялық бөлімшелер ашылып 300 төсек орынға дейін жасақталған. Ол кезде кадрларды дайындап, көптеген жабдықтар алынды. Онда басты ауруынан бөлек ковид ауруына шалдыққан науқастар түсіп жатты. Мәселен, бүйрегі немесе қант диабетімен ауыратын адам медициналық көмекке жүгінеді, бірақ онда сонымен қатар коронавирустық инфекция анықталады, міне осындай науқастарды емдедік. Бұл санаттағы адамдардың сырқаты ауырлау, біз олардың басты ауруын емдей отырып, ковидтен де емдедік. Ал таза коронавируспен ауырғандар жұқпалы ауруханаға жіберіледі, - деді аурухана басшысы.  

Аурухана қазіргі ғылыми жетістіктерді бақылап, оны үнемі тәжірибеге енгізіп отырады екен. Мекеме 17 кафедраға клиникалық база болып отыр. Оған қоса үш университеттің кафедрасы да тығыз байланыста екен. Атап айтсақ: Қазақстан-Ресей медициналық университеті, Қазақ ұлттық медицина универсиетті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина факультетінің кафедралары. Оған қоса мейірбикелерді дайындайтын төрт медициналық колледждің базасы да осында орналақан. Мұнда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің көбі сол кафедралардың меңгерушілері, профессорлары. Сондықтан қазір жаңадан еніп жатқан инновация, зерттеулер осы жерде ғылыми тұрғыда қаралып, тәжірибеде қолданылатын көрінеді. 

Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу да жақсы жолға қойылған. Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Израил, Қытай, тағыда басқа елдерімен тәжірибе алмасу байланысы орнатылған. 

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Бұрын біздің мамандар сол жаққа барып тәжірибе алмасып келетін. Сонымен қатар шетелдіктер бізге келіп шеберлік сағатын өткізетін. Қазіргі пандемия жағдайында түрлі вебинарларға қатысып тұрамыз. Көптеген шеберлік сағаты онлайн форматта өтті. Нейрохирургия, травматология, ортохирургия, кардиология жәнеде басқа бөлімшелерімізде жыл сайын тың тәжірибе еніп отырады, оның барлығынан біз шет қалып жатқанымыз жоқ. Қазір микроскоппен жасалатын оталар бар, одан бөлек ешқандай тіліксіз мидағы қан тамырларына ота жасалады. Жалпы жыл сайын медицина қызметкерлерінің кем дегенде 20%-ы біліктілігін көтеріп отыру керек, - дейді аурухана басшысы. 

Аталған аурухана алғашқылардың бірі болып цифрландыруға көшкен, оған қоса жасанды интелект жүйесі кеңінен енгізіліп жатыр екен. Мұның барлығы науқастарға диагноз қоюда маңызды.

Қазір әр сырқаттың тарихы компьютерде тіркеледі. Әлем бойынша қазір ең басты аурулар инфаркт, инсульт болып отыр, ең көп өлім осы қан айналым ауруларынан. Екінші себеп – онкологиялық аурулар, үшінші – жарақат алғандар. Қан айналым ауруларының алдын алу үшін уақытында дұрыс диагноз қоя білу керек. Сол үшін компьютерлік томография, МРТ жасатамыз. Оған қоса жасанды интеллект деген арнайы бағдарламаны қолданамыз, ол мамандарға септігін тигізіп, адам көзіне көрінбейтін нәрсені компьютерден тауып алады. Ол бар болғаны 10-15 минуттың ішінде науқаста инсульттың қай түрі екенін айтады. Оның үстіне созылмалы ма әлде дереу ота жасау қажет пе анықтап береді. Онда арнайы алгоритм бар, сол бойынша науқастың жағдайын қарауға болады. Мәселен, мына кісіге ота жасау кеш немесе дереу жасату қажет, мына кісіге арнайы дәрілерді қолдану керек дегенді көрсетіп береді. Жасанды интеллект осындай алгоритмнің көмегімен дәрігерлерге үлкен көмек көрсетеді, - дейді Манас Рамазанов. 

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында аурухананың 30 жылдығы да атап өтілмек. Бұл тұрғыда қазір көптеген шарауа қолға алынып, қауырт жұмыс жүріп жатыр екен. 

Аурухананың 30 жылдығына орай тарихи жинақ әзірлеп жатырмыз. Онда аурухана қалай құрылды, қандай бөлімшелер жұмыс істеді және қандай мамандар қызмет еткені баяндалады. Сондай-ақ әр жылдары қандай бөлімшелер ашылып, қандай оталар жасала бастағаны, бәрі жазылады. Оған қоса ғылыми жұмыстарға арналған тағы бір жинақ шығарамыз. Оған әр бөлімшенің мамандары өз тәжірибелері бойынша жариялаған ғылыми мақалалар, жаңалықтар енеді. Негізі 30 жылдықты үлкен ғылыми конференция ретінде өткізсек деген жоспарымыз болып еді. Бірақ қазіргі пандемияға байланысты оны іске асыра алмаймыз. Дегенмен ауруханада көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан мамандарды марапаттап, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан төсбелгілер табысталып, құрмет көрсетіледі, - дейді мекеме басшысы. 

Жалпы медицина саласы күрмеулі мәселеге толы саланың бірі. Көпшілікпен жұмыс істегендіктен түрлі адами факторлар да орын алып жатады. Әлеуметтік желі пайда болғалы науқастардың дәрігерлерге қатысты арыз-шағымдарын ара-тұра көзіміз шалып қалады. Сұхбат кезінде Манас Рамазанов медициналық қызметкермен науқастың арасында туындаған жанжал немесе түсінбеушілік болған жайттарда ең алдымен не істеу керектігін айтып берді.

Көпшілікпен тікелей қарым-қатынас жасағандықтан, яғни бұл әлеуметтік сала болғандықтан әртүрлі жағдайлар болып жатады. Ол жасыратын нәрсе емес. Дегенмен біз ішкі аудитті жүргізіп, оңсыз жағдайларды бақылап, болдырмауға тырысамыз. Біздің мекеме ішінде медиация бар. Мәселен, қандайда бір науқастан арыз түссе, сарапшылар оны анықтап, сол сәтте шешуге тырысады. Қазір кейбір азаматтар бір мәселе немесе сұрақ туындаса әлеуметтік желіге жариялап жатады, біз олардың барлығын барынша тездетіп қарастырып, ішкі тексеру жүргізе отыра, нәтижесі бойынша жауап беріп отырамыз. Медицина қызметкерлерінің үстінен жазылған шағымдардың басым көпшілігі расталмайды. Эмоцияға беріліп жазатындар да болады. Жазылған арыздардың көбі түсінбеушіліктен туындайды. Өзіне ерекше қамқорлықпен қараса деген сипатта айтылатын шағымдар да аз емес. Ондай кезде екі тарапты да тыңдау керек. Жасырын емес, желіде медициналық мекемеге қатысты жағымсыз пікір немесе жала жазылса оны іліп әкетіп, жағдайды ұшықтыра түсуді жақсы көретіндер де бар. Біреудің тәрбиесі төмен болуы мүмкін, тағы бірінің тәжірибесі жетпей жатады, яғни адами фактор болады. Дегенмен науқастар тарапынан түсетін әр арыз жекелей қаралады. Медицина қызметкерлерінің бәрі сүттен ақ, судан таза деп айтуға аулақпын. Шынын айту керек, дәрігерлер тарапынанда мәдениетсіздік жағдай болып тұрады. Егер медициналық қызметкерлер тарапынан қандайда бір оғаш қылық көрсетілсе, науқас бірден бөлім меңгерушісіне жүгінуі керек. Егер олар құлақ аспаса ішкі аудитке шыға алады. Олар сараптама жүргізіп, жағдайды анықтайды. Егер біздің қызметкер кінәлі болса, ол жағдайды ішкі аудит комиссиясы қарап, шешім қабылданады, - дейді профессор. 
Сондай-ақ ауруханаға келген кейбір адамдар өздеріне ерекше қамқор көрсетілгенін қалайды екен. Егде жастағы ата-анасына күтім жасағысы келмей, оларды аурханаға жатқызып қою мақсатымен келетіндер де бар екен.
Біз оңалту орны емеспіз, медициналық көмекке мұқтаж науқастарға көмек көрсетуіміз керек. Егер бәрін жатқызатын болсақ 2-3 күнде аурухана толып қалады. Бәрі өздеріне ерекше қамқорлықпен қараса деп ойлайды. Негізі ол науқастың жағдайы тәуір болуы мүмкін, ал ана жерде жағдайы одан да нашар адам отыр, бірақ оның жағдайын ешкім ескергісі келмейді.Ауруханаға шұғыл түрде жатқызылуға негізі жоқ адамдарға амбулаториялық емге жүгінуге немесе жоспарлы түрде емделуге кенес береміз. Міне осыдан да шағымдар туындап жатады.Қабылданбаған адамдардың туыстары әлеуметтік желіге «менің анамды қатты ауырса да қабылдамай жатыр» деген сыңайда арыздар жаза бастайды. Кейбір науқастардың жақындары, оны адамы аз палатаға ауыстырыңдаршы депте жатады. Кейбірі қасына әйелін немесе тағы бір жақынын жатқызуды сұрайды. Бұл қонақ үй емес, аурухана ғой. Біз ондайға жол бермей, хаттама бойынша емдейміз. Ол сол науқастарға ұнамай қалады. Артынан небір жағымсыз пікірлер туады. Жалпы біз үшін әрбір пациенттің шағымыда, алғысыда өте маңызды, - дейді аурухананың бас дәрігері.

Тәуелсіздік алған жылы ашылған көпбейінді аурухана жайлы не білеміз?

Сөз арасында Манас Рамазановтан қазіргі вакцина салу мәселесі неліктен баяу жүріп жатқанын сұрап едік. Оның айтуынша, халық бұл індеттің ауыр екенін және оның арты қайғылы жағдайға әкелетінін жете түсінбей жатқан сияқты. Оның үстіне вакцинаға қатысты түрлі қауесеттер де көп тарауда, мұның барлығы халықты үрейлендіріп отыр.

Қазір әлем бойынша пандемиямен күресте вакцина салудан басқа ешқандай шара көріп отырғанымыз жоқ, оны түсінуіміз керек. Ол Қытайдікі бола ма, Ресейдікі немесе АҚШ-тың вакцинасы бола ма, екпе алуымыз қажет. Соңғы күндері Алматыда вирусты жұқтыру 2-3 есеге өсіп кетті. Маусым айының басында қала емханаларына күніне 100 жағдайға дейін түскен, қазір 800-ге дейін көтерілді. Жаз мезгілі келісімен адамдар көкке шығып, мейрамханаларда жинала бастады. Халқының 60-70%-ы вакцина алған елдерде қазір проблема жоқ. Бірінші жарты жылдықта елімізде 6 миллиондай адам вакцина алу керек еді, бірақ біз әлі 3 миллионға жете алмай жатырмыз. Халық түрлі қауесетке сеніп, вакцина салдырмай жатыр. Адамдарды қырғысы келеді, ЦРУ чип салады дегендей жалған мәліметтер таратып жатыр. Ондай негізі жоқ мәліметке сенуді қою керек. Вакцина алған адам ауырып қалған күннің өзінде сырқаты жеңіл өтеді. Бұрынғыдай пандемиясыз өмірге тез арада оралуымыз әрқайсымызға байланысты, - деп сөзін түйді Манас Рамазанов. 

Өзгелердің жаңалығы