Тауар сатып алғанда нені ескеру керек? Маман сапа мен қауіпсіздікті тексеру жолдарын түсіндірді

12 Қазан 2026, 11:32
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 12 Қазан 2026, 11:32
12 Қазан 2026, 11:32
105
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Тұтынушылар тауар сатып алғанда оның қаптамасындағы таңбалауға, жарамдылық мерзіміне, өндіруші туралы мәліметтерге және сәйкестігін растайтын құжаттарға назар аударуы керек. Бұл талаптарды сақтау сапасыз өнімнен қорғануға және денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алуға көмектеседі.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК Алматы мен Алматы облысы бойынша бөлімшесінің өкілі Нағима Пирманбетова түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тауар сатып алғанда нені тексеру керек?

Маманның айтуынша, ең алдымен, өнімнің қаптамасындағы ақпаратты мұқият оқып шығу қажет. Онда тауардың атауы, құрамы, өндіруші туралы мәліметтер, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және қолдану жөніндегі нұсқаулық көрсетілуі керек. Ақпарат түсінікті әрі осы өнімге қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Екіншіден, тауардың сәйкестігін растайтын құжаттардың бар-жоғын тексерген жөн. Міндетті сәйкестікті бағалау талаптары қолданылатын өнімдер үшін тиісті сертификат немесе сәйкестік туралы декларация қажет болуы мүмкін.

Сондай-ақ жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттарына ерекше назар аудару керек. Бұл әсіресе азық-түлікке, дәрі-дәрмекке және косметикалық өнімдерге қатысты маңызды. Сақтау талаптары бұзылса, тауардың жарамдылық мерзімі аяқталмаса да, оны пайдалану қауіпті болуы мүмкін.

Қаптаманың бүтіндігі мен өнімнің сыртқы түрін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Қаптамасы бүлінген, ісінген немесе ішіндегісі ағып тұрған өнімдерді сатып алмаған дұрыс. Бұған қоса, тауардан әдеттен тыс иіс шықса немесе түсі өзгерсе, оны пайдаланудан бас тарту керек.

Өнімнің құрамына да мән берген жөн

Нағима Пирманбетова тұтынушыларға өнімнің құрамын және ескерту белгілерін мұқият оқуға кеңес береді. Атап айтқанда, азық-түлік құрамындағы аллергендер, өнімді қолдануға қатысты қарсы көрсетілімдер мен шектеулер туралы ақпаратты тексеру маңызды.

Ал Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сәйкестік белгісі өнімнің одақ талаптарына сәйкес бағалау рәсімінен өткенін білдіреді.

Бұдан бөлек, дүкендер мен базарларда тауардың дұрыс өлшенуіне назар аудару қажет. Салмақпен сатылатын өнімдерді сатып алғанда немесе коммуналдық ресурстар үшін төлем жасағанда өлшеу құралдарының дәлдігі тұтынушы құқығын қорғауға көмектеседі.

Сапасына күмән туындаса, не істеу керек?

Егер сатып алынған тауардың сапасына немесе қызметтің қауіпсіздігіне күмән туындаса, маман бірнеше әрекетті орындауға кеңес береді.

Біріншіден, сатып алғаныңызды растайтын чекті және тауардың қаптамасын сақтап қою қажет. Екіншіден, таңбалауды және өндіруші туралы мәліметтерді тексерген жөн. Егер өнімнен қауіптілік белгілері байқалса, оны пайдаланбаған дұрыс.

Сонымен қатар тұтынушы сатушыға жүгініп, жағдайды түсіндіруді талап ете алады. Ал міндетті талаптардың бұзылғанына күдік болса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі тиісті органға немесе салалық бақылаушы органға өтініш беруге болады.

Маманның айтуынша, тұтынушының басты қағидасы – тауардың таңбалануын, жарамдылық мерзімін, қаптамасының бүтіндігін, өндіруші туралы ақпаратты және қажетті сәйкестік құжаттарын тексеру. Бұл қарапайым әрекеттер сапалы өнім таңдауға және денсаулыққа төнетін қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.

Наверх