Тастемір Әбішев заңдағы әлі жұмыс істемей тұрған бап туралы айтты

16 Мамыр 2022, 13:18
3092
Бөлісу:
Тастемір Әбішев заңдағы әлі жұмыс істемей тұрған бап туралы айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев Ата заңдағы ауқымды өзгерістерге қатысты пікір білдірді.

Еліміздің конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бұл Қазақстан Республикасының демократиялық жолмен әрі қарай дамуын нығайтатын болады. Жалпы, осы түзетулер мен толықтыруларды үш бағытқа бөлуге болады. Біріншісі, билік арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыруға, екіншіден, халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысуын кеңейтуге, үшіншіден, адамның және азаматтың құқықтарын қорғауды, сақтауды күшейтуге бағытталған, - деп түсіндірді ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен конституциялық реформаларға арналған дөңгелек үстелде Тастемір Әбішев.

Ол бірінші Ата заңдағы бірінші баптың әлі дұрыс жұмыс істемей тұрғанын атап өтті.

Адам және оның өмірі құқықтары мен бостандықтары мемлекет үшін ең жоғары қазына және құндылық болып табылады деп бірінші бапта айтылған. Бұл бап әлі дұрыс жұмыс істемей отыр. Неге? себебі біздің азаматтар және елімізде тұрғылықты немесе уақытша тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар конституциялық кеңеске өз арыз-шағымдарын жаза алмайды. Бұл тұрғыда олардың құқықтары шектелген. Осындай шектеулерді алдып тастау үшін және елдегі адам құқықтарының сақталуын әлемдік стандарттарға сәйкестендіру мақсатында конституциялық сот құрылып отыр. Енді еңбекшіл мигранттар, азаматтығы жоқ адамдардың бәрі конституциялық сотқа белгіленген тәртіппен шағым жазуға толық қақысы болады, - деп атап өтті Тастемір Әбішев.

Айтуынша,  реформа Президенттің өкілеттілігін нығайтуға бағытталмаған қайта елімізді басқарудың тиімді нысандарын белгілеуге, демократияландырудың әрі қарай халықаралық стандарттарға сай дамуына бағытталған.

Қазіргі таңда біз суперпрезиденттік республикадан кетіп, беделді ықпалды Парламенті бар, есеп беретін Үкіметі бар Президенттік басқару нысанындағы республикаға көшетін боламыз. Өздеріңіз білетіндей, облыс мәслихаттарының депутаттары екі жүйемен сайланатын болады. Ал аудандық және қалалық мәслихаттар тек мажоритарлық жүйемен сайланады, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы