Тасқын суының үлкен көлемі Жайық өзені арқылы өтуде – министрлік

23 Сәуір 2024, 16:36
268
Бөлісу:
Тасқын суының үлкен көлемі Жайық өзені арқылы өтуде – министрлік
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

Осы сағатқа еліміздегі су қоймаларындағы жағдай туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 

Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген су еліміздің аумағы арқылы өтіп жатыр. Тасқын суының үлкен көлем Жайық өзенінің арнасы бойынша Орал қаласы арқылы өтуде. Өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. 

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу бойынша іс-шараларды атқарып жатыр. Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасы су жинап жатыр. Қазір оларда 221 млн текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 85% құрайды.

Кіші Өзен бойындағы төрт су қоймасы 91%-ға толды, бұл 101 миллион текше метр су. Үлкен Өзен бойындағы үш су қоймасында 69 млн текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 66%. Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су тасқыны аяқталды, мұнда барлығы 428 миллион текше метр су келді. 

Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 864 см, ол бір тәулікте 2 см өсті, БҚО Бәйтерек ауданы Чувашинское кентіндегі Шаған өзенінің деңгейі 744 см, тәулігіне 4 см артты, Белес кентіндегі Дерқұл өзенінің деңгейі 234 см. 

«Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасады. БҚО-дағы су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі саналады.

Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 100%-ға толы, өңірде су тасқыны жалғасып жатыр. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасынан асқан судың биіктігі 3,6 метр.

Осы уақытқа дейін Петропавл қаласының шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1270 см, бұл көрсеткіш бір тәулік ішінде өзгерген жоқ. Аймақтағы жағдай шиеленісті болып қала береді.

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 97%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау шамамен 81%.

Абай облысында Шүлбі су қоймасы 63%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына бүйірлік ағындардың ұлғаюына байланысты табиғатты қорғау іс-шараларына су жіберіліп жатыр. Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 98,5%-ға толы. Олардың барлығы да штаттық режимде жұмыс істейді.

Қостанай облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеде жұмыс істейді.

ШҚО мен БҚО-дан басқа барлық өңірлерде су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы