Ташкентте «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі әлеміндегі рухани сабақтастық» конференциясы өтті

8 Қараша 2022, 10:41
1698
Бөлісу:
Ташкентте «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі әлеміндегі рухани сабақтастық» конференциясы өтті

Халықаралық Түркі академиясы және Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті бірлесіп көрнекті түрколог, алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық және заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойларына орай «Ахмет Ахмет Байтұрсынұлы және түркі әлеміндегі рухани сабақтастық» атты халықаралық конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ташкентте өткен шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры Шухрат Сирожиддинов, Өзбекстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саидов, әзербайжан ғалымы, академик Судейф Имамвердиев, Өзбекстандағы Әзербайжан мәдени орталығының директоры Самир Аббасов, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов,  Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі мен әдебиеті университетінің ғылым жөніндегі проректоры Нодирбек Журакузиев, филология ғылымдарының докторы Маханбет Джусупов, Қарақалпақстанның халық ақыны Музаффар Ахмедов, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын, жазушы Мұхаммед Әли, Өзбекстан Археология институтының директоры Фарход Максудов, түрколог-ғалымдар Гайбулла Бабаяров пен Феруза Джуманиязова, Түркі академиясының сарапшысы Нәпіл Базылхан, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысты.

Жиынның ашылуында сөз алған Академия басшысының міндетін атқарушы Ф. Мәжидли Алаш қайраткерлері мен Түркі әлемі арасындағы байланыстар туралы баяндап, бүгінгі тағылымды шараның маңыздылығына тоқталды.

Конференцияға қатысқан ғалымдар А. Байтұрсынұлы мен М. Әуезов туралы баяндама жасап, тың деректермен бөлісті. 

Басқосу барысында А. Байтұрсынұлы мұраларын зерттеп, зерделеуге қосқан зор үлесі үшін Өзбекстан мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Маханбет Джусупов Академияның Алтын медалімен марапатталды.

Іс-шара аясында Моңғолияның Номгон жазығындағы Халықаралық Түркі академиясының ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде табылған бірегей олжа - ғұрыптық кешен және Құтлұқ қаған жазуының таныстырылымы да өтті.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл А. Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясы биыл түркі әлемі кеңістігінде әйгілі түрколог, алаш қайраткері А. Байтұрсынұлының 150 жылдық және кемеңгер жазушы М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту туралы шешім қабылдады. 

Өзгелердің жаңалығы