Ташкентте «Абай» операсы қойылады

1 Шілде 2019, 13:32
3165
Бөлісу:
 Ташкентте «Абай» операсы қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында «Астана Опера» театрының труппасы Ташкенттегі гастролінде қазақстандық әрі әлемдік классика жауһарларын ұсынбақ – 10 шілде күні А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы көрерменге жол тартады.

Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық Үлкен театры сахнасында өтеді.

Бұл – «Астана Опера» театрының тарихында Өзбекстандағы алғашқы туры. Гастрольдік афишаға «Абай» операсы кездейсоқ енген жоқ, себебі келер жылы әлемдік музыкалық қауымдастық мерейлі күнді – қазақтың ұлы ақыны, композитор, ағартушы әрі ойшыл Абайдың 175 жылдығын атап өтеді.

Өзбекстандық көрермен танымал әншілер – Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова, Мейір Байнеш, Бейімбет Таңарықов, Талғат Ғалеев, Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Болат Есімханов, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан және т.б. өнерпаздардың тамаша дауыстарымен таныса алады.

"Симфониялық оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, атақты дирижер – Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев жетекшілік етеді. Маэстроның арқасында «Абай» операсы алғаш рет Оңтүстік Тюрингия театрының сахнасында неміс тілінде шырқалды. Осы спектакльдің «Астана Операдағы» қоюшы дирижері де өзі болып табылады. Елордалық труппаның орындауындағы ұлттық классика жауһарын Италия жұртшылығы зор табыспен қарсы алды. Ал 2018 жылы осы қойылым үшін «Астана Опера» шығармашылық ұжымының қатысушылары ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді", - делінген таратылған ақпаратта.

Гастрольдік бағдарламаны 13 шілде күні Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсы жалғастырады. 

Өзгелердің жаңалығы