Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы мәлімдеді.
Ел тарихын қазақтың бүгінгі аумағын зерттесек, толық мағлұмат ала алмаймыз. Әсіресе қазақтың ортағасырлық тарихына зер салсақ, оның географиялық шеңбері Алтайдан Карпат тауларына дейін екенін көреміз. Орта ғасырларда Қыпшақ деген атаумен түркі тайпалары біртұтас халық болған. Кейін орта ғасырдың соңына қарай, 15-16 ғасырда біртұтас Түркі халқы өз алдына отау болып, бөлініп-бөлініп кетті. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақал бар. Сөйтіп, 18-19 ғасырда отаршыларға жем болдық, – дейді тарихшы.
Профессор қазақ халқына жақын бірақ осы уақытқа дейін елеп-ескерілмей жүрген Сібір татарлары туралы сөз қозғады.
Сібір деген үлкен ел бар. Бүгінгі қазақ Сібірді бөтен ел, бөтен жер деп есептейді. Бүгінгі қазақ Сібірде тұрып жатқан түркілердің хал-жағдайын білмейді. Өзім Сібірді көп араладым, Түмен қаласынан келгеніме бір апта болды. Ол жердегі халықты «Сібір татарлары» дейді. Олар «Сібір татарлары» емес, «Сібір түркілері». Олардың Еділ бойындағы Қазан татарларынан айырмашлығы жер мен көктей. Тілі де, түбі де, түрі де, антропологиялық бет-әлпеті де, діні де біздің қазақтан айырмашылығы шамалы. Тілінде ерекшеліктер бар, оның өзінде де Сібір татарлары бірнеше диалектімен сөйлейді. Оның ішінде Тобылдың солтүстігінде Саз татарлары (Заболотные татары) бар, олар таза қазақша сөйлейді, – деді Аманжол Күзембайұлы.
Маманның айтуынша, тарихи сана деген патриотизмнің негізі.
Тарихи санасы жоқ адам ешқашан патриот бола алмайды. Ал тарихи санасы бар адам патриот болмай тұра алмайды. Сондықтан, тарихи сана – біздің қоғамның іргетасы. Осы іргетас берік болуы керек. Оны өзіміз ғана біліп қоймай, басқа халықтарға да білдіру керек. Сібірді, Солтүстік Кавказды, Орталық Азияны мекендеп жатқан бір халық – ол Түркі халқы деген ұғым болуы керек, – дейді тарих ғылымдарының докторы.
Оқи отырыңыз: