АҚШ-тың жаңа кедендік тарифтері Қазақстан экономикасына нақты соққы жасай ма? Сарапшылар пікірі екі түрлі: бірі - сақтық қажет десе, екіншісі - бізге алаңдаудың қажеті жоқ дейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық баж салығын көтеру туралы шешімі - оның сайлауалды уәдесіне сай әрекет. Бұл туралы экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев пікір білдірді.
Соңғы 10–15 жылда АҚШ-тың төлем балансында экспорт азайып, импорт күрт өсті. Әсіресе Қытайдан келетін тауар көлемі артты. Енді Трамп ел ішіндегі өндірісті күшейтіп, “Американы қайта ұлы мемлекетке айналдырамыз” деген ұранын жүзеге асыруға кірісті. Оның алғашқы көрінісі - заңсыз мигранттармен күрес болса, екіншісі - сырттан келетін импортты шектеу, – дейді Жобаев.
Ол АҚШ билігінің тариф енгізерде тек экономикалық емес, саяси және мәдени факторларға да қарайтынын айтады. Мәселен, көршілері Мексика мен Канадаға да 25% тариф енгізілген. Бұл тосын шешім болған.
Трамп әкімшілігі Қазақстан сияқты елдермен де сауда көлемін азайтуды көздейді. Біз “сауда шектелетін елдердің” қатарында тұрған сияқтымыз. Қазір біздің тауарларға 27% баж салығы енгізілгелі отыр. Дегенмен АҚШ-пен сауда көлеміміз айтарлықтай үлкен емес. Негізгі әріптестеріміз — Ресей, Қытай және Еуропа. Ал АҚШ бізден титан, никель сияқты сирек металдарды ғана алады. Егер осы ресурстарды өндіретін компаниялар арнайы өтініш жасаса, баж салығын төмендетуге мүмкіндік бар. Бірақ бұл АҚШ-тың Қазақстанға қандай мәртебе беріп отырғанына байланысты, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, бұл шешімнің жанама әсері де болуы мүмкін. Мәселен, Қытай мен Ресей өнімдеріне сұраныс азайса, оларға қажетті қазақстандық шикізатқа да сұраныс төмендеуі ықтимал.
Бұл - сайлау алдындағы уәделерді орындаудың амалы. Дүниежүзілік сауда ұйымы бұл шешімді қайта қарауы да мүмкін, - дейді Жобаев.
Ал экономист Расул Рысмамбетов болса, Қазақстанға алаңдаудың еш қажеті жоқ деп есептейді.
Иә, егер Трамп “термоядролық тарифтік бомба” жарса, соққы толқыны бізге жетуі мүмкін. Бірақ бұл — тек психологиялық әсер. Қазіргі қақтығыс АҚШ пен Қытай, ЕО сынды ірі экономикалар арасында жүріп жатыр. Қазақстан АҚШ-пен сауда айналымында бар болғаны 1%-дан аз үлеске ие. Сондықтан 27% баж салығы енгізілген күннің өзінде бұл бізге айтарлықтай әсер етпейді, - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан АҚШ-қа жыл сайын 2 млрд доллардан астам тауар экспорттайды, ал импорт көлемі шамамен 1 млрд доллар. Яғни сауда профициті біз жақта.
Біз АҚШ-пен саудада жеңіп тұрмыз. Иә, тізімде бармыз, бірақ бұл тек формалды түрде. Оның үстіне бізден экспортталатын уран, тантал сынды өнімдер стратегиялық материалдар қатарына жатады. Сондықтан олар баж салығынан босатылған. Бұл - президенттік ерекшелік(еск - президент шешімі), - дейді Рысмамбетов.
Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамп шетелден әкелінетін бүкіл тауарларға баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Сол тізімдегі елдің ішінде Қазақстанда да бар. Бізге 27 пайыз деп белгілейін деп отыр.
Сондай-ақ жаңалық шыға сал, АҚШ президенті Дональд Трамптың қолдау рейтингі 43 пайызға дейін төмендегені белгілі болды.