Тариф бірнеше есе өспеуі керек: Бозымбаев инфрақұрылымды жаңғырту туралы айтты 

 ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек 20 Қараша 2026, 17:57
20 Қараша 2026, 17:57
133
Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту кезінде тарифтің күрт өсуіне жол бермеу керектігін айтты. Оның сөзінше, кейбір өңірлерде электр желілерінің тозу деңгейі 95 пайызға дейін жеткен. Бұл туралы ол ұлттық жобаның іске асырылуына қатысты мәселелерді талқылау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-премьердің айтуынша, қазір жұмыс тек тозығы жеткен желілер мен жабдықтарды ауыстырумен шектелмейді. Негізгі мақсат – миллиондаған азаматтың күнделікті өмірі мен ел экономикасының тұрақты жұмыс істеуіне тікелей әсер ететін инфрақұрылымды кешенді жаңғырту.

Осы ретте ол Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік электр желілік компаниясының жағдайын мысалға келтірді. Мұнда жабдықтардың тозу деңгейі 95 пайызға дейін жеткен. Қыс мезгілінде климаттық жағдайдың күрделілігіне байланысты электр желілерінде апаттар жиі тіркелген. Әсіресе сымдарға мұз бен қар жиналып, ескі электр бағаналары мен желілердің зақымдануына әкеледі.

«Биыл алғаш рет компанияға айтарлықтай көлемде инвестиция салынды. Бұл олардың жағдайды жақсартуға деген үмітін оятты», – деді Қанат Бозымбаев Қоғамдық кеңестің отырысында. 

Қаржыландыру мен тариф мәселесі

Вице-премьер ұлттық жобаны жүзеге асыруда қаржының ашықтығы, жобаларды іріктеудің негізділігі, жұмыстардың сапасы мен мерзімінің сақталуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық кеңес ұлттық жобаның іске асырылуына тәуелсіз баға беретін және нақты ұсыныстар әзірлейтін тиімді бақылау тетігіне айналуы керек.

Сондай-ақ ол табиғи монополия субъектілерінің жұмысын біріздендіру бағытында бірқатар мәселе бар екенін жеткізді. Қазір 200-ден астам табиғи монополия субъектісі ортақ электрондық сатып алу алаңында жұмыс істейді. Алайда алғашқы тәжірибе қолданыстағы ережелердің жетілдіруді қажет ететінін көрсеткен.

Бозымбаевтың мәліметінше, әлеуетті мердігерлердің шағымдарын қарау үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің жанынан апелляциялық инстанция құрылған. Биыл комитет 700-ден астам істі қарап, олардың бірқатары бойынша бастапқы шешімдер өзгертілген.

Сонымен қатар вице-премьер тариф саясатына тоқталды. Оның сөзінше, тарифке негізсіз шығындарды енгізуге жол бермеу керек. Дегенмен ол инфрақұрылымды жаңғыртуға тартылған қарыз қаражатын ақылға қонымды мерзімде қайтаруға мүмкіндік беруі тиіс.

«Егер жаңғырту жұмыстары тарифтің қысқа мерзімде бірнеше есе өсуіне әкелетін болса, онда біз басқа тетіктер мен әдістерді қарастыруымыз керек», – деді ол.

Қаражаттың басым бөлігі қай салаға бағытталды?

Қанат Бозымбаев биыл қаржыландыру кезінде негізінен «қызыл аймақта» тұрған субъектілерге басымдық берілгенін айтты. Соның нәтижесінде электр энергетикасы саласындағы жобаларға қаражаттың 60 пайыздан астамы бағытталған.

Оның айтуынша, электр энергетикасы саласындағы кәсіпорындар сумен жабдықтау және жылумен қамту нысандарымен салыстырғанда жаңғырту жұмыстарына көбірек дайын болған.

Бұдан бөлек, Үкімет таза көмір генерациясын дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны қабылдағандықтан, электр энергетикасы мен генерацияға қатысты кейбір нысандарды сол жобаға көшіру жоспарланып отыр. Бұл екі ұлттық жобаның міндеттері қайталанбауы үшін қажет. Ал энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы аясында желілік инфрақұрылымды, газ генерациясын және көмірден бөлек өзге де энергия көздерін дамытуға басымдық берілмек.

Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты тартыла бастаған. Атап айтқанда, Алматы облысында қосалқы станция салу жобалары бойынша ынтымақтастық жүргізіліп жатыр.

Наверх