Тарбағатайда шопандар тойы тойланды

24 Шілде 2019, 06:30
2885
Бөлісу:
Тарбағатайда шопандар тойы тойланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елеке сазында ширек ғасыр тойланбаған шопан тойы өткізілді. Екі күнге созылған малшылар мерекесінің алғашқы күнінде шопан қауымы жайлауда алты қанат ақшаңқан киіз үйлер тігіп, «Қымыз мұрындық» мерекесін өткізсе, іс-шараның екінші күні көкпар мен аламан бәйгеге ұласты, деп жазады altaynews.kz.

Бұл күндері «Елеке сазы» дегенді естігенде елең етпейтін қазақ жоқ шығар? Өйткені Елеке жайлауын «Ежелгі патшалық мекені» деп атап кеткен. Өткен жылы ғана осы жайлаудан үшінші «Алтын адам» табылған болатын. Көкжыра ауылдық округінің жаз жайлауы орналасқан осы жерде 26 шопан ауылы отыр. Кеңестік кезеңде бұл жерде ауданның шопан тойы тұрақты түрде өтіп тұратын. Бүгінде бұл мерекенің аталмағанына 30 жыл болған екен.

Міне, сол дәстүрді қайта жаңғыртқан «Көкжыра» өндірістік кооперативі шопан тойын дүрілдетіп өткізді. Екі күнге созылған малшылар мерекесінің алғашқы күнінде шопан қауымы жайлауда ақшаңқан киіз үйлер тігіп, шағын «Қымыз мұрындық» өткізсе, сондай-ақ алтыбақан құрылып, қыз қуу, көкпар сынды қазақтың ұлттық ойындары ойналып, соңы 25 шақырымдық аламан бәйгеге ұласты.

Тойдың салтанатын жергілікті айтыскер ақын Дулат Шідеров жыр шашумен ашып, Елеке жайлауын күмбірлеген күйге бөледі. Мерекені құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов шопан тойының ширек ғасырдай тойланбай қалып, қайта жаңғыруын жақсылыққа балады. Ол Елбасы мақаласындағы рухани жаңғырудың ажырамас бөлігі саналатын дәстүрді қайта жаңғыртқан «Көкжыра» өндірістік кооперативіне алғыс білдіріп, өндірістік кооперативтің Қ.Бошай, Ж.Мұхамеджан, Т.Молдахан сынды үш ардагеріне ат мінгізіп, шапан жапты. Бұдан бөлек, шара барысында кооперативтің үздік шопандары мен бақташыларына аудан әкімдігі тарапынан сый-сияпат жасалды.

Бұл күндері аудан экономикасының локомотивіне айналған аталмыш ұжым аудандағы алғаш құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің бірі. Бүгінде кооператив негізінен мал басын асылдандырумен айналысады. Шаруашылықта 30 мыңдай ұсақ мал, мыңнан астам жылқы, үш мыңнан аса ірі қара мал бар. Өткен жылдан бері мемлекет тарапынан 94 млн. теңге мөлшерде қаржылай қолдау көрген малшы қауымның әлеуметтік жағдайы бүгінде жақсара түскен. Кооперативтің 26 қыстағында күн сәулесінен энергия алатын қондырғы орнатылған. Барлық қыстақтарда құдық қазылған. Жаз жайлаудағы шопандар күн энергиясымен «Отау-ТВ» арналары арқылы төрткүл дүниеден хабардар.


Өзгелердің жаңалығы