Таразда құрылыс сапасын бақылайтын 11 топ құрылды

6 Мамыр 2020, 02:50
1547
Бөлісу:
Таразда құрылыс сапасын бақылайтын 11 топ құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысуымен өткен жиында белгілі болды. Онда Тараз қаласында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыру барысы және жөндеу-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Жауапты бақылау міндеті қаланың әр аудандарында құрылған 11 мобильді топқа жүктелген. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен басқа, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, полиция қызметкерлері және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері енді. 

Облыс әкімі топқа экологтарды да қосуды ұсынды. Сонымен қатар, санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарын тексеру тапсырылды.

Жалпы, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жалпы құны 17 миллиард теңгеге болатын 94 жоба жоспарланған. 405 тұрақты және 5666 уақытша жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақытта барлық нысандарда жұмыстар басталған. Қалалық каналдар мен арықтарды тазартуға 178,6 млн.теңге, 43 аялдаманы жөндеуге 32,3 млн.теңге бөлінген. Сонымен қатар, 25 жаңа аялдама салынады.

Құрылысы ұзаққа созылған 35 нысаны бойынша 10 меншік иесімен меморандумдарға қол қойылып, жұмысты аяқтау кестелері әзірленген. Қазыбек би көшесінің бойында заңсыз орналастырылған бес дүңгіршек жойылған десек, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Жіберілген қателіктерді ескеріп, саябақтар мен алаңдардың, жаңа ғимараттардың қасбеттерінің жай-күйіне назар аударып, сыртқы жарнаманы ретке келтіру керек, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы