Таразда полицей оқ атуға мәжбүр болды

9 Шілде 2022, 16:16
5500
Бөлісу:
Таразда полицей оқ атуға мәжбүр болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Тарада тал түсте оқ атып, жұртты дүрліктірген тәртіп сақшысының видеосы елді шошытқан болатын.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қызметкер бұл қадамға тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барған.

Жамбыл облыстық полиция департаменті болған жағдайды түсіндірді.

8 шілдеде сағат 13:50 шамасында "102" пультіне шақыру түскен. Онда қаладағы дәріханалардың бірінiң маңында екі белгісіз ер адам спирттік ішімдік ішiп отырғаны хабарланыпты. Олардың жанында тұмылдырығы тағылмаған үлкен ит болған. Шақыру орнына келген полиция қызметкерлері 1979 және 1986 жылғы екі жергілікті тұрғынды анықтады. 43 жастағы ер адам "питбультерьер" тұқымды итін тыныштандыру және оған тұмылдырық кигізу туралы полицияның талабына назар аудармай, керісінше иттi айналасындағы адамдарға айдақтай бастапты. Нәтижесінде төбелескіш ит тәртіп сақшыларына тап берген екен.

Қауіпсіздік үшін патрульдік полиция батальонының инспекторы табельдік қарудан итке қарсы оқ атты. Зардап шеккендер жоқ. Ит тірі және иесіне қайтарылды, - делінген хабарламада.

Болған жағдайға байланысты иттің иесіне айыппұл салынды. Сондай-ақ қоғамдық жерде спирттік ішімдік ішкендері үшін екі тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Өзгелердің жаңалығы